ТҰРҒЫН ҮЙ РЕФОРМАСЫ СӘТТІ ІСКЕ АСУДА ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕ 500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ҮЙДІ ЖАЛДАУ АҚЫСЫН СУБСИДИЯЛАУ ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

321

Тұрғын үй қатынастары туралы ҚР заңына сәйкес қаламызда көпқабатты үйлерді жаңа басқару формасына көшіру жөнінде реформа сәтті жүзеге асырылуда. Бұл туралы орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров пен тұрғын үй заңнамасын реформалау комитетінің мүшесі Жұмабек Исмаилов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында баяндады.

— Мегаполисте 2236 көпқабатты үйдің 124-і мүлік иелері бірлестігіне 1798-і жай серіктестікке өтті. «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасына негізделген жаңа тұрғын үй реформасы жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығыстарды бақылау мен жалпы қаржылық операцияларды ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарын жоспарлауға талап етілетін ЖСҚ құжатын әзірлеу мен көпқабатты үйдің қасбетін әрлеу жаңғырту бағдарламасына сәйкес мемлекет есебінен тегін жүргізіледі,- деді Мәлік Құттымбетұлы.

Өз кезегінде Ж.Исмаилов жаңа басқару жүйесіне көшкен көпқабатты үйлердің жетекшілерін іс жүргізу бойынша оқыту жұмыстары басталғанын хабарлады.

Өтінімдер Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданды.
Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева 40-қа жуық азаматты қабылдап, баспана мәселесіне қатысты түсіндіру жұмысын жүргізді.
Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады.
Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс.
Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс.
Азаматтар тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша қосымша ақпаратты Бейбітшілік 3, мекенжайында орналасқан «Amanat» партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуға болады.