ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒАҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТЖД БАСТЫҒЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТЕРГЕУ АМАЛДАРЫ БАСТАЛДЫ

335

2022 жылғы 21 мамырда сағат 11:36-да «101» пультіне Еңбекші ауданы, Ғани Иляев көшесі, 142 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері келгеннен кейін
жарылыс салдарынан «Меж больничная 138 дәріхана» ЖШС-не тиесілі 2 қабатты жеке тұрған ғимаратта өрт шыққаны анықталды.

 

Оқиға орнына Шымкент қаласының басшылығы да құтқарушы, өрт сөндіруші, «жедел жәрдем» қызметкерлері және құқық қорғау органдарымен бірге тез арада жетті.
Аталған оқиғаға байланысты Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Жақсибаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта едел-жедел брифинг берді.

Департамент бастығы төтенше жағдай орын алған ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метр, қабырғалары кірпіштен қаланғанын атап өтті.

—Жарылыстан туындаған өрт сағат 12:06-да ауыздықталды. Шамамен 55 шаршы метр аумақ өртенген.
Жарылыс салдарынан ғимарат ішінара құлаған. Сондай-ақ 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері және 7 жеңіл автокөлік зақымдалды, — деді Мадияр Есенгелдіұлы.

Төтенше жағдай қызметінің басшысы өкінішке қарай оқиға орнынан ер адамның мәйіті табылғанын. Сонымен бірге қазіргі таңда жарылыстың шығу себебімен бірге, қаза тапқан азаматтың да жеке басы анықталып жатқанын жеткізді. Алдын ала мәлімет бойынша ол адам күзетші болуы мүмкін.

Өз кезегінде төтенше оқиғаны жоюға ТЖД-нің 37 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды.

Жарылыстың нақты неден туындағаны және төтенше жағдай қаупі сейілгенше тиісті жұмыстар жалғаса бермек.

Бұл оқиға бүгінгі таңда қала әкімдігінің жіті бақылауында.

«Шымкет келбеті»- Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТЕРГЕУ АМАЛДАРЫ БАСТАЛДЫ

 

ТЖД бастығы М.Жақсыбаевтың мәлімдемесінен кейін іле-шала Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев пен қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов бүгін қалада орын алған төтенше жағдайға байланысты арнайы брифинг берді.

Полиция өкілі М.Алтаев орын алған төтенше оқиғаға қатысты жедел тергеу тобының құрылғанын және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының басталғанын хабарлады.

Ал, департаменттегі тергеу басқармасының басшысы Д. Әбдіраманов аталған оқиғаға орай полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 292 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған азаматтардың қылмыстық әрекетін әшкерелейтін бұл бап бойынша екі жылдан жеті жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру көзделген.

Полиция департаменті өкілдері тергеу жұмыстарының барысына қарай алдағы уақытта қосымша мәліметтер хабарлайтынын жеткізді.

«Шымкент келбеті»- Әнуар ЖҰМАШБАЕВ