ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ ТИІМДІ ӨТПЕК

333

Шымкентте 186 634 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 88 пайызын қамтуда.

Балаларды сауықтыру, жетілдіру, үйрету сияқты бос уақытты тиімді өткізу мақсатындағы шараларға биылғы қала бюджетінен 300 миллионға жақын қаржы бөлінген болса,
әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген.

Аз қамтылған 7 241, балалар үйіндегі 147 және «Дарын» мектебінен 260 балаға саяжай лагерлерінде тегін демалуға жолдама берілсе, 27 655 оқушының ата-аналары есебінен демалатыны анықталған.

Бұдан бөлек, 130 мектепте сауықтыру бағытында 151 331 оқушыны түрлі үйірмелер және спорт секцияларымен қамту жоспарланған.

Саяжай лагерлеріне жолдама үшін аз қамтылған отбасы ата-аналары өтініштері ХҚО және egov порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда.

Жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы, мәдениет саласы 12 000, спорт саласы 14 000 баланы жеке кәсіпкерлер арқылы балалардың қызығушылыға қарай үйірмелерге қамтуда. Бұл жаз бойы жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар, 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтарында тегін үйірмелер ашылып, мәдени іс-шаралар өткізілетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар өткізу жоспарланған.

Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.

Түрлі ойындар, хормен ән айту, кешке би кеші – әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ лагерь баланың тәуелсіз болып жүретін жері. Себебі лагерьде бала ата-анасының қадағалауынсыз қалып, кішігірім шешімдерді өзі қабылдап, жеке жүріп дағдыланады.