ЖЕҢІМПАЗ ОҚУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

691

Шымкентте «Дарынды балалар фестивалі» бағдарламасы өтті. Оқушылар сарайында өткен мерекелік іс-шарада білімімен, өнерімен көзге түсіп жүрген оқушыларға марапаттары табысталды. Балалар жылын бастау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасының жетекшілері, оқушылардың өздері мен ата-аналары қатысты.

– Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен оқушыларды, балаларды қолдауға арналған түрлі іс-шаралар қолға алынған. Көптен бері алғаш реті 150 мың жуық оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде, оған қоса, 60 мың оқушыға арналған тегін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Мұның барлығы сіздер сапалы білім алу үшін арналған. Себебі, оқушылар, жастар неғұрлым білім алып, дамыса, еліміз де соғұрлым дамиды. Сіздердің табыстарыңыз – мемлекеттің табысы! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.


Бұдан кейін білімімен, дарынымен, өнерімен топ жарып жүрген оқушыларға қала әкімінің алғыс хаттары мен грамоталар, сыйлықтар табыс етілді. Олар – республикалық шығармашылық оқулардың, олимпиалар мен басқа да сайыстардың жеңімпаздары. Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында Шымкенттің 500-ден астам оқушысы халықаралық, республикалық, деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Атап айтқанда, ХVIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан ІІІ-орын, Халықаралық ХХІ «Жібек жолы» олимпиадасынан 2 қола медаль, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиададан 9 алтын, 14 күміс, 25 қола медаль, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсынан 4 алтын, 1 күміс, 9 қола медаль иегерлері шымкенттік оқушылар. Сонымен қатар, 8 мектеп еліміздегі «Үздік 100-дікке енген. ERNUR,KZ