СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

548

Бүгін Түркістан облысының Отырар ауданында еліміздегі спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Шара барысында аймақтағы үздік спортшылар мен жаттықтырушылардың жетістіктері аталып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Жиынның ашылу салтанатында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов құттықтау сөз сөйлеп, спорт саласында түрлі деңгейдегі жетістіктерге жетіп жүрген аудан спортшыларына аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хаттарын табыстады.
Ол өз сөзінде: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылғандай қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстану өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау азамат өсіру отбасының жалпы халықтың қасиетті борышы екені баршамызға аян. Қазақстандық спортшылар соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында үздік нәтижелерді көрсетіп келеді. Мемлекеттің өзі беделді халықаралық жарыстарды өткізетін орынға айналуда. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының әлемдік мойындалуын көрсетеді. Ендеше тамыз айының үшінші жексенбісі аталып өтетін спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Спортшыларымызға жеңіс тілеймін!»-деді.
Сонымен қатар Отырар аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов аудандағы спорт саласына еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен спортшылар бұқаралық спортты насихаттауға үлес қосқан азаматтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы өлшеусіз еңбектеріне толағай табыстар тіледі.
Жиында әкім мен хатшы Қазақстан Республикасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, ересектер арасында волейболдан (қыздар) IV Түркістан облысының Спартакиадасында ІІ орын алған Отырар ауданының құрама командасының спортшыларын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Одан бөлек спорт саласына еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен бұқаралық спортты насихаттауға үлес қосқан азаматтар Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хатымен, сондай-ақ, ауданда өткізілген барлық спорттық іс-шараларға қолдау білдіріп, спорт нысандарында әртүрлі жарыстардың өтуіне ықпал жасап, спорт бөлімімен қоян-қолтық жұмыс атқарып жүрген білім бөлімі мен коллледж, мектеп мұғалімдері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шара барысында шағын футболдан «Көктем-Жаз 2022» Түркістан қаласы ашық біріншілігінің А лигасының жеңімпаздары «Отырар Шытты» командасының ойыншылары өздері жеңіп алған кубокты аудан әкімдігіне сыйға тартты.
Жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, аймаққа белгілі әншілердің әуезді әндері спорт сүйер жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ғалымжан Сәрсеков.
Отырар ауданы.