ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ ШЕКСІЗ
Кешегі нәубет жылдарында тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған Отанынан айырылып, Қазақстанға бас сауғалап келген қаншама қилы тағдырлы адамдарды, ұлт пен ұлыстарды арда қазақ бауырына басып, кең пейілін көрсетті. Қолындағы барымен, баспанасымен, нанымен бөлісті. Ол қамқорлықты ұмыту Құдайыңды ұмытқанмен бірдей деп есептеймін. Жаппай депортацияға ұшырап, мәжбүрлі түрде Қазақстанға қоныс аударған бабаларымыз қазақтың дарқан даласынан жылу, пана тауып, өсіп-өнді, ұрпақтарын ұшпаққа жеткізді. Ең бастысы, өзінің тілін, дінін, салты мен дәстүрін, мәдениетін сақтап қалды. Себебі, қазақ халқы қандай заман болмасын, ешкімді ұлтқа, дінге бөлген емес. Ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық пен ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптелетін мерекелердің бәріміз үшін маңызы ерекше. Бұл мерекені кешегі ауыр тарихты еске ала отырып, бүгінгі береке-бірліктің, ынтымақтың маңызын түсініп, қадірін білетін күн деп есептеймін.
Бүгінде Қазақстанды туған Отаны санайтын этнос өкілдері атынан барша отандастарымызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Индира РАВАН-НАХЧИВАНИ,
әзербайжан ұлтының өкілі, «Арыстанбаб»
жоғары колледжінде педагог ұйымдастырушы.