ТАТУ ЕЛДІҢ ТУЫ БИІКТЕ ЖЕЛБІРЕЙДІ

34

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі елімізде 1996 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Көп ұлтты еліміз жыл сайын асыға күтетін бұл мерекенің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.

Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде тағдырдың тәлкегімен елімізге жер аударылған көптеген этнос өкілдерін өз бауырына басты. Өздерінің қиналып отырғандарына қарамастан азып-тозып келген ағайындардың көздеріндегі жасты сүртті. Соның нәтижесінде қазақ даласына бас сауғалап келген өзге ұлт өкілдері мәңгілікке қазақ жерінде тұрақтап қалып, өсіп-өніп, өз ұрпақтарын жалғастырып келеді. Бүгінде мемлекетіміз көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендеген, достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың мекеніне айналды. Мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі бекем, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Дархан халқымызды қарапайымдылығы мен қонақжайлылығы және бауырмалдығы үшін сүйеді.

Еліміздегі бірліктің, ынтымақ пен берекенің, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың нығая түсуіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қосқан үлесі зор. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Бүгінде Ассамблея елдің саяси жүйесіндегі барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде қалыптасты.

Жалпы, 1 мамыр мерекесі кешегі Кеңес заманында да тойланатын. Жастар қолдарына қызыл жалау, сан түсті шарлар ұстап, парадқа шығатын. Бұл күн жұмысшылардың өз құқықтары үшін күресін дәріптеу мақсатында, жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні ретінде аталып өтті және бұл күні барлық жұмысшыларға құрмет көрсетілді. Қазіргі таңда тәуелсіз ел болдық, соған орай бұл мерекенің де мәні біршама жаңғыртылды. Тәуелсіз Қазақстанда еңбекшілердің ынтымақтастығы мерекесі жаңа сипатқа ие болды. Ол елдің тарихи ерекшелігін – оның көпұлтты құрамын көрсететін, бейбіт елде ұлттар мен ұлыстар татулық пен бірлікте өмір сүре әрі дами алатындығын насихаттайтын айтулы күнге айналды. Қарап отырсаңыз, соңғы 30-35 жылда көп елдерден тыныштық қашты, тіпті, олар соғыс алаңына айналды. Жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын да көріп отырмыз. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Мұның өзі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін одан әрі  арттыра түсуде. Сондықтан бірлігі, ынтымағы жарасқан елде өмір сүру – бақытымыз. Қазақстандық ұлт-аралық татулық үлгісі  осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа сипатқа ие болған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірлікке, ынтымақ пен берекеге шақыру деп білген ләзім.

Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар, жәрмеңкелер өтеді, байқаулар мен шерулер ұйымдастырылады. Түрлі этностардың мәдени орталықтары көрмелер, байқаулар, фестивальдер өткізеді, сол арқылы өздерінің ұлттық ерекшеліктерін көрсетеді. Бұл қазақстандықтарды түрлі ұлттардың мәдениеті, әдет-ғұрыптары және салт-дәстүрлерімен таныстыруға мүмкіндік береді. Жалпы, ел тұрғындары үшін Халықтар бірлігі күнінің берері мол.