«ШЫМКЕНТ СИТИ» — МЕГАПОЛИСТІҢ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ЖОБА

793

Республикалық мәртебеге ие болып, заманауи мегаполиске айналып келе жатқан Шымкент қаласы бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар, жанға жайлы саяжайлар мен демалыс орындары, әлеуметтік және мәдени нысандардың көбейгенін көріп көз қуанады. Оған қоса қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен инженерлік-коммуникациялық желілер мен көлік инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру, тұрғындарды бұқаралық спортқа баулу, жалпы, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өте ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Шырайлы шаһардың дамудың даңғыл жолына шындап түскенін көрсететін жобалардың бірі — «Шымкент Сити» шағын ауданының құрылысы.

Мегаполистің солтүстік бөлігінде 427 гектар алаңды алып жатқан жаңа шағынауданның құрылысына мемлекеттік бюджеттен 27 млрд. теңге бөлінген. Шағын ауданда инженерлік инфрақұрылымның барлық қажетті түрлері жүргізілген.

Мұнан бөлек халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 204 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салынған. Бұл жерде 39 көпқабатты тұрғын үй немесе 2 338 пәтер және 1 орта мектеп бар. Қазірдің өзінде бұл шағын ауданда 10 мыңға тарта тұрғын өмір сүріп жатыр.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, айтулы жоба шеңберінде 2026 жылға дейін қалаға 432 млрд.теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартылады.

Жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй (9 қабаттан бастап және одан жоғары) немесе жалпы ауданы 1,6 млн. шаршы метрлік 27 500 пәтер пайдалануға беріледі.

Мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп салынады. Оның бірі дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі болады деп жоспарланған. Мұнан бөлек балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл ашылады. Мұның барлығы мемлекеттік бюджеттің қаржысы пайдаланылмай, жеке инвесторлар есебінен жүзеге аспақ.

Қазір «Шымкент Сити» аумағына 15 инвестор тартылған. Олардың арасында «BI Group», «Отау Строй», «Орда Инвест Групп», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» сияқты отандық компаниялар бар. Бұдан басқа, заманауи көпқабатты тұрғын үй, бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, саябақ салуға шет мемлекеттердің де компаниялары тартылуда. Мамандардың айтуынша, аталған жобаның құрылыс материалдарын жергілікті тауар өндірушілер өндіретінін ескерсек, «Шымкент Сити» жобасы қаладағы өнеркәсіпті дамытуға да зор әсерін тигізеді.