БАҚЫТТЫЛАР БАҚЫТТЫ ҚАЛАНЫ САЯХАТТАДЫ  ЖӘНЕ САЯБАҚҚА СӘН КІРДІ

325

 

Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы «Бақытты қалаға саяхат» байқауының кезекті жеңімпаздарын қарсы алды.

Маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Туризм индустриясы комитетінің ұйымдастыруымен “Qazaqstan Live Fest” фестивалі өткен болатын. Халықаралық көрмеде «Бақытты қалаға саяхат» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталған.

Бұл жолғы байқаудың жеңімпаздары – 2003 және 2007 жылы туылған Қарағанды облысының тұрғындары.

Жасөспірімдер Шымкентке саяхатқа келіп, туристік орындармен танысты. Атап айтсақ, балалар туризмін дамытуда ерекше нысан – хайуанаттар бағы, дендропарк және Цитадель және Орта Азиядағы ең үлкен аквасаябақ «FONTAN» су қалашығында болды. Сондай-ақ қаламыздың танымал ас мәзірінен де дәм татып, ерекше әсерге бөленді.

Осылайша жеңімпаздар екі күндік сапар барысында қаламыздың туристік әлеуетімен танысып, қаланың қонақжайлы келбетіне тәнті болып қайтты.

САЯБАҚҚА СӘН КІРДІ

Шымқаладағы көрікті демалыс орындарының бірі-«А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік Дендрологиялық саябағы». Тұрғындар мен қонақтар осы саябақта серуендеп, демалуды әдетке айналдырған. Сол себепті де саябақ тазалығы басты назарда.

Осыған орай саябақ аумағында  «Build Stroi» және «Жасыл жер» ЖШС қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді.  Жасыл желектер  суғарылып, толық тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде адамдардың жүрісіне қауіп төндіріп тұрған талдар кесіліп, бұталанды.    Оған 400- ден астам жұмыс күші және 20 техника жұмылдырылды. Бұл әрине, бір күндік жұмыс емес, тазалық жұмыстары кестеге сай ұдайы жүргізіліп тұрады.

Жалпы дендросаябақ- жергілікті маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Оны күтіп-баптау тек тазалық жұмыстарын жүргізетін белгілі бір мекеменің ғана  міндеті емес. Сондай-ақ, тазалықты сақтау әрбір саябаққа келіп, демалушының да міндеті. Өйткені, қоршаған ортаның тазалығы адам өміріне әсер етеді.