АТА ЗАҢ БЕЙБІТШІЛІКТІҢ САҚТАЛУЫНА НЕГІЗ БОЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

291

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Баршаңызды 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Конституция күні – халқымыз үшін қастерлі де ұлық мереке. Тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата Заң азаматтарымыздың теңдігі мен бостандығына кепілдік беруімен, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болуымен құнды.

Ата Заңның кіріспесінде «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөз бар. Бұл қасиетті сөздер әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алып, үнемі жадында жаңғырып тұруы тиіс.
Иә, осыдан 27 жыл бұрын 1995 жылдың 30 тамыз күні жаңа
Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізіліп, онда Қазақстан халқы Ата Заңның қабылдануын жақтап дауыс берді.
Содан бері Конституция күні шын мәніндегі жалпыхалықтық мерекеге айналды. Ата Заңымызды күнделікті оқып үйрену, басты қағидаларымен мұқият танысу, оның әрбір сөзінің астарында аса зор мән-мағына барын көрсетеді. Өйткені, әр азаматтың міндеті – Ата Заңды және соның негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы заңдарын бұлжытпай орындау.

Қадірлі жерлестер!
2022 жыл еліміздің дамуындағы айрықша маңызға ие жыл ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Себебі, биыл 5 маусым күні Қазақстан
Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өтті.
Онда отандастарымыз уақыттың талабына сай Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерді жақтап дауыс берді. Конституциялық реформаның негізгі бағыттары ретінде суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшу, билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу,
Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру істері таңдап алынды.
Қазақстан осынау конституциялық реформаға тегіннен тегін барған жоқ. Бұл қазіргі алмағайып шақта бүкіл ел тағдырына, мемлекеттілік тарихына деген жауапкершілік пен замана артар ауыртпалықты биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін қажет болды.
Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің бәріне тән
демократиялық қағидалармен толық қамтылып отыр.
Олай болса, Ата Заңға деген құрмет біздің болашаққа деген сеніміміз бен ұлттық модернизацияға деген ұмтылысымыздың қайнар көзіне айнала берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,

Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,

Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»