ШЫМКЕНТТЕ 40-ТАН АСА КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙ ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕГІЗДЕ ЖӨНДЕЛДІ

241

Үшінші мегаполисте 2022 жылы көп қабатты 42 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс жергілікті әкімдік тарапынан қайтарымсыз негізде атқарылған. Коммуналды баланстағы бұл үйлердің көбісі Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Мұнда 40 үй жөнделсе, Қаратөбе тасжолындағы – 1, Өзбек көшесінде орналасқан 1 үй қалпына келтіріліп отыр.

Жауапты мамандардың мәліметінше, жөндеу барысында бұл үйлердің шатыры ауыстырылып, кіреберісі мен жертөлелері, қасбеті жаңартылды. Сонымен қатар су құбырлары, ішінара кафелі жаңасына ауыстырылды.

Былтыр, бұдан бөлек, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан қайтарымды негізде көп қабатты 9 үйді күрделі жөндеу жоспарланса, 4 үйдегі тиісті жұмыс толық аяқталды. Бұл үйлер Еңбекші ауданында орналасқан. Жұмысы 2023 жылға өтпелі қалған 5 үйді күрделі жөндеу жұмыстары ақпан айынан басталады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, мұндай жөндеу жұмыстары сол үй тұрғындарының кемінде 70 пайызының келісімімен, қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі. Ол үшін пәтер иелері жергілікті атқарушы органға өтініш жазуы керек.