Шымкент: аурудың алдын алар бірден-бір жол — екпе салдыру

398

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.

– Шымкент қаласы «қызыл» аймақта тұр. Осы жылдың 8 тамызында 565 жағдай анықталды. Оның ішінде симтомды 479, симптомсыз — 86. Ал 18 жасқа дейінгі балалар арасында 100 жағдай (14 жасқа дейінгі балалар саны 80) тіркелді. Қазіргі таңда Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Осы орайда, қала тұрғындарынан өтінерім: вакцина қабылдаңыздар. Өзіңізді, қоғамды, жақындарыңызды сақтаңыздар! Аурудың алдын алар бірден-бір жол — екпе салдыру, – деді Әбдіманап Қошқарұлы.

Департаменттің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы З.Есенғараеваның сөзінше, жыл басынан бері 8 тамызға дейін 21 535 нысан санитариялық-ағарту жұмыстарымен қамтылған. Барлық объектілерде коронавирустық инфекцияның (COVID -19) таралуына жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мониторинг қорытындысы бойынша 2 096 жауапты тұлғаға (жеке тұлға — 1969, жеке кәсіпкер — 75, заңды тұлға — 14, лауазымды тұлға — 38) хаттама толтырылған.