ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУРИЗМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚОС СТУДЕНТІ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА БАРАДЫ

73

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қос студенті биыл Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Олар Ұлттық құраманың тәжірибелі боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков. Қос студент бүгінде жоғарғы оқу орнының «Дене шынықтыру және спорт» мектебінің «Спорттық-сауықтыру фитнесі» мамандығы бойынша білім алады.

Қамшыбек Қоңқабаев – еліміздің абыройын әлемдік ареналарда танытып жүрген спортшы. Әлем чемпионатының 2 дүркін, Азия біріншілігінің 3 дүркін күміс жүлдегері. 2020 жылы Токиода өткен жарыста ол қола жүлдені қанағат еткен болатын. Ал Азамат Дәулетбеков еркін күрестен ел мерейін үстем етіп жүрген шебер балуан. Ол 2022-2023 жылдардағы әлем чемпионаттарының жүлдегері, 3 дүркін Азия чемпионы, 6 дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерген.

Айта кетейік, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде әртүрлі деңгейдегі жарыстардың 100-ге жуық жүлдегері білім алады. Оның ішінде, 10 студент — Халықаралық жарыс жеңімпаздары, 6 студент — әлем чемпионы және 4 студент — Азия чемпионы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі