САДАҚ АТУДАН ТҮРКІСТАНДА ЕЛ БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ
Шаһардағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде садақ атудан ересектер арасында тұңғыш рет Қазақстан чемпионаты басталды. Ең тәжірибелі мергендер сайысына еліміздің барлық өңірінен іріктелген 10 команда, 250-ге жуық құралайды көзге атқан мерген жиналып, мықтыны анықтауда.
Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында талай мергендерді танытқан бұл спорт түріне соңғы кездері қаракөздеріміздің арасында қызығушылық артып келеді. Жарыстың бас төрешісі Ольга Нидің айтуынша биылғы Қазақстан чемпионатына ұлттық құрама мүшелері түгел қатысып жатыр.
Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің садақ ату бөлімінің басшысы Еділ Темірбеков спортшыларымызға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық садақ ату, арбалет және дартс федерациясының президенті Жанар Темірбаева да мергендерге қолдау көрсетті. Жарыстың жеңімпаздары 13-20 наурыз аралығында Тайланд елінде өтетін кезекті Азия кубогінде Қазақстанның намысын қорғайды.