«АНА ТІЛІ ЖӘНЕ ОТБАСЫ – 2023» БАЙҚАУЫ: З.ХУСАНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП БАС ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫ

190

Бүгін Шымкентте «Ана тілі және отбасы – 2023» байқауы мәресіне жетті. Қаладағы он білім ұясынан 800-ден астам оқушы бақ сынаған байқауда бас жүлдені З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебі жеңіп алды.

Байқауды қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығы тіл саясатын іске асырудың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары аясында ұйымдастырды. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында байқаудың қорытынды концерті өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

–Оқушылардың өнерін бағалау кезінде ата-аналардың белсенділігі мен өзге этнос балаларының қатысуы айрықша ескерілді. Сайысқа бірі ата-әжесімен, енді бірі әкесімен қатысты. Тағы бірі анасымен немесе аға-әпкесімен сынға түсті. Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар 5 кезең бойынша сайысты. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы жанынан құрылған әдістемелік кеңестің, «Қазақстанның педагогикалық академиясы» қорының вице-президенті Тамара Махалқызы бастаған қазылар алқасының құрамы қатысушылардың біліміне, тапқырлығына, белсенділігіне, шығарманың көркемділігіне баса назар аударды, — дейді Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова

Қатысушылар байқауда қазақ халқының ертегілерін ауызша айтудан, халқымыздың ырымдары мен тыйым сөздерін айтудан сынға түсті. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы туралы ақпар беріп, мақал-мәтелдер, нақыл сөздерден, «Өнерліге өріс кең» сайысында қазақтың ұлттық өнерінің бірін, яғни ән, би, өлең оқудан сайысты. Қазақ тілінде еркін сөйлеген балалар ана тілге деген құрмет өздерінен басталатынын дәлелдей түсті. Әрбір кезең бойынша ерекше дайындықпен келген қатысушылардың өнері, олардың киім үлгісі, сахнада өздерін ұстауы, белсенділігі жоғары деңгейде болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебіне бұйырды. I орынға – Мукими атындағы №105 жалпы орта білім беретін мектебі, II орынды – Б.Садықов атындағы №112 жалпы орта білім беретін мектебіне, №57 жалпы орта білім беретін мектебі лайық деп танылды.

«Өрісі кең білім ордасы» номинациясына Д. Нұрпейісова атындағы №116 жалпы орта білім беретін мектебі, «Белсенді білім ордасы» номинациясына Хамза атындағы №108 жалпы орта білім беретін мектебі ие болды. Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейіне белсенділігі үшін алғыс хат табысталды.

Атап өтсек, байқаудың мақсаты – қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, мемлекетіміздің келешегі, еліміздің ертеңі ретінде жұмылдыру, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыру.