ЖЕТІСАЙ: ЖАС ҚАРИЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

393

 

Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады.

Осы мақсатта Жетісай аудандық орталық «Нұғман» мешітінде ауданға қарасты мешіттердің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ХІ Республикалық байқауына Түркістан облысы бойынша іріктеу сайысы болып өтті. Сайысты Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов ашып, Құран Кәрімді жаттау әрі амал жасаудың сауабы жөнінде айтып өтті.

Өскелең ұрпақ арасында Құран Кәрімді оқу және жаттау деңгейін көтеру, өзара тәжірибе алмасу, мұсылман жамағатының құрани сауатын көтеру арқылы қоғамның руханиятын арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыс 2 бөлімнен тұрды.

Алғашқы бөлімінде Құранды мәнерлеп оқу, 10 пара, 20 пара және толық Құранды жатқа оқу бойынша 100-ге жуық шәкірттер сайысқа түссе, екінші бөлімде іріктеуден өткен қатысушылар арасында жүлделі орындарға бақтарын сынады.

«Ғылым мен техниканың дамыған шағында әрбір ата-ананы ойландыратын мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Соңғы кездері дінге бет бұрушы бұқараның қатары артты. Әсіресе, Алланы ауызынан тастамайтын иман жүзді жастарымыз мешіттерге келуін жиілетті. Көңіл қуантады. Дегенмен, өз жолынан жаңылысып, жөнін таппай жүргендер де жетерлік. Жалпақ жұртты исламнан жерітіп, жамандыққа жақындата түсетін жын-жыбыр ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.

Заңды тұрғыда тіркелгенімен тірліктерін террорлықпен түйіндейтін миссионерлік ұйымдардың қанатын кеңге жаюының, ақиқат жолын жалындатамыз деп жалындаған жастарымызды жарты жолдан қағытып жүрген секталардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қатысушылардың да саны күн санап артып келеді» дейді Жетісай ауданының бас имамы Жорабай Дулатбаев.

Құранның 20 парасын және Құранды толық жатқа оқу сайысы бойынша Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұловтың төрағалығымен Абдухафиз қари Хадыршаев пен Нұрболат қари Қазыбеков, Құранның 10 парасы мен мәнерлеп оқу сайысы бойынша Шайхисмайлов Шавкат қаридың төрағалығымен Абдунайм қари мен Ербол Шырынхан әділқазылық жасады.

Сайыс нәтижесінде әр номинация жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталып, Республикалық Құран жарысына жолдама алды.

Бүгінгі әлемдегі идеологиялық күрес, саяси тактикалар дәуірінде өскелең ұрпақты «мылтықсыз майданнан» аман сақтап қалу үшін жастарымыздың санасын улап, айрандай ұйып отырған халықтың арасына іріткі салатын «дінбұзарлардың» алдын алуда үлкен маңызға ие шараның ұйымдастырылуына жоғары бағасын берген облыстың бас имамы Еркебұлан қажы Қарақұлов Жетісай ауданының бас имамы Жорабаи Дулатбаев пен барша қызметкерлерге өз алғысын білдірді.