ШАРДАРА: КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛДІ

198

 

Бүгін 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Ата заңы, Конституциясы күні мерекесіне орай,«Азат елдің айбыны-Ата заң» атты концерттік шара өтті.

Осынау айтулы мерекеге орай «Абай» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиын ҚР Әнұранымен бастау алып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халық — биліктің қайнар-көзі болса, Конституциямыз — көптің арқа сүйер киелі сөзі болып отыр. 1995 жылы халқымыз жалпыхалықтық референдумда дауыс беру арқылы еліміздің негізгі Заңын қабылдап, Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет деп жариялады. Конституция — тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы, әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігінің кепілі.

Референдумда ел болып қолдаған Ата Заңымыз — «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы», деп басталады. Осы сөздерде Мәңгілік Елді мұрат тұтқан ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастық та, мемлекеттілігін жаңғыртқан көп ұлтты халықтың ортақ ұмтылысы да бар.

Конституцияны қатаң сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының және қоғамдағы азаматтық татулықтың негізі. Конституцияны қастерлеу – туған жеріміз бен тарихымызды, тіліміз бен ділімізді қастерлеу мен теңесуі тиіс азаматтық парыз. Озық отыз елдің қатарына ұмтылған еліміздің кемел келешегі үшін Ата Заңға арқа сүйеп, жұмыла еңбек етсек, аймағымыз ажарлы, болашағымыз баянды, жастарымыз бақытты, Еліміз мәңгі болмақ.Баршаңызды Ата Заңымыз – Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе жаңа жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!» — деді.

Мұнан соң Б.Шомпиев мерекеге орай бір топ азаматтарға аудан әкімінің атынан бірқатар азаматтарға «Алғыс хаттар» мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін тапсырды.

Салтанатты шарада «Шардара ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісіне Сариев Есенгелді, Әзтаев Қайрат, Бекмұратов Рақымжан, Қаппаров Шермұхамбет, Кеншім Бекмұхамбет және Манхара Зәкір ие болды.

Сондай-ақ, бірқатар азаматтар аудандық және облыстық мәслихат хатшыларының және аудандық «Аманат» партиясы филиалының атқарушы хатшысының «Алғыс хаттарымен марапатталды.

Шарада аудан прокуроры Р.Абдраимов сөз алып, барша қатысушыларды Ата заң мерекесі мен құттықтады.

Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, айтулы мерекенің көркін келтірді.