КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

388

 

Бүгін Қызылжар ауылдық округі мәдениет үйінде Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев пен аудандық мәслихат хатшысы Смайл Тасқұлов қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

«Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Азаттықтың алтын арқауына айналған Ата Заң – Тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым. Бұл – халықтың қалауымен, тағдырдың тартуымен келген барлық істің алтын таразысы болатын негізгі Заң. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы Ата Заңымыз қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді. Биылғы жылы 5 маусымда Мемлекет басшысының бастамасымен 33 бапқа бүкілхалықтық референдум арқылы өзгеріс енгізілді. Қазіргі таңда қоғамның барлық саласындағы заңдық-құқықтық қарым-қатынастар қамтылып, адами құндылықтар мен демократиялық заңдармен көмкерілген Конституциямыз 9 тараудан 99 баптан тұрады. Әлемнің озық елдерінің заңнамаларынан кем емес Конституциямыз заң шығарушы, атқарушы және сот билігін айқындап, қолданысқа енгізді. Мемлекеттік лауазымды тұлғалардан бастап жалпы азаматтардың конституциялық құқықтарын анықтап, бостандықтары мен міндеттерін айқындап берді» — деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Бұдан бөлек салтанатты шарада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар аудан әкімі мен мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен бірге шарада алғашқы мемлекеттік қызметке орналасқан жас маманның ант беру рәсімі болды.

Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген салатанатты шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, көрермен назарына ұсынылды.