ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

233
Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов баспана иелеріне салатанатты түрде баспана кілттерін табыстап, құттықтауын жеткізді.
«Пәтерлер шын мұқтаж азаматтарға беріліп отыр. Баспана алған отбасыларды, азаматтарды шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын. Алдағы уақытта да баспанаға мұқтаж отбасыларды үймен қамту жұмыстары жүретін болады», — деді аудан басшысы.
Аталған баспаналар көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобындағы отбасыларға және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға беріліп отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудандық тұрғын үй кезегінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша – 772, «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша – 526 азамат кезекте тұр.