ҚАЛА ӘКІМІ КӨКБҰЛАҚ ЕЛДІМЕКЕНІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ ЖӘНЕТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ 86%-Ы ӨРТТЕН ОРЫН АЛҒАН
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенін инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов атқарылып жатқан құрылыс барысын тексерді.
Тұрғын алапқа былтыр толық оптика желісі тартылып, интернетпен қамтылған.
Сондай-ақ 2021 жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа 100% қол жеткізді.
Ал көгілдір отынмен осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады, құрылыстың 90% атқарылған.
2 390 тұрғыны бар Көкбұлақтағы тағы бір мәселе — жолды асфальттау болатын. Қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды. Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген.
Келер жылы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата көшелеріне асфальт төселеді. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталатын болады.
Қоғамдық көлік мәселесі шешілген,№146 және №180 маршруттары қойылған.
Бұдан бөлек, былтыр 2, биыл 1 балалар алаңшасы пайдалануға берілді.
Тұрғындардың өтініші бойынша осы жылы 800 м Есбол қажы көшесі жарықтандырылды.
Құрылыс нысандарын аралай жүріп, жергілікті тұрғындармен кездескен әкім басқа да проблемаларға көңіл аударып, оның шешілу жолдарын жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ 86%-Ы ӨРТТЕН ОРЫН АЛҒАН
Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайлардың 86%-ы өрттің салдарынан болған. Қауіп жылыту кезеңі қарсаңында күрделене түсуде. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы, полковник М.Жаксибаев шаһар басшысы М.Әйтеновтың алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.
Мадияр Есенгелдіұлының айтуынша, соңғы 8 айда 131 өрт тіркеліп, 1 адам қаза тапса, 2 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 13%-ға өскенін көрсетеді.
Анықталғандай, статистикалық мәліметтер негізінде мұндай немқұрайдылықтың негізгі себептері қала азаматтырының қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балдардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке тастап кету болып табылды.
— Жалпы Шымкент қаласының 83% газбен жабдықталған. Бұл ретте халықтың улы және табиғи газбен улануымен байланысты жазатайым оқиғалардың ықтималдығы жоғары. Өткен жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 56 өрт тіркелген, материалдық шығын 86 млн. теңгені құрады. Табиғи газбен улану бойынша 4 жағдай тіркелді, нәтижесінде 3 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алды,-деді қалалық ТЖД бастығы М.Жаксибаев.
Алдағы жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін М.Әйтенов құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. “2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу” іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі