САРЫЖЫЛҒАДА ЖАҢА ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

6

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінің Сарыжылға елді мекенінде маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Мұстафа Шоқай көшесінде орналасқан кіші ашық футбол алаңшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, ауыл ақсақалдары, жастар және жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, жаңа спорт нысанының ел өміріндегі маңызын атап өтті.

— Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осы мереке қарсаңында ел игілігіне беріліп отырған әрбір әлеуметтік нысан – мемлекеттің халық алдындағы нақты қамқорлығының көрінісі. Бұл футбол алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді, – деді Жәнібек Ағыбаев.

Футбол алаңшасының өлшемі 42 х 21 метр, жалпы жер көлемі 0,25 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, желтоқсан айында толық аяқталған. Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңы тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы.

Жергілікті жұртшылық жаңа нысанға ризашылықтарын білдіріп, мұндай жобалар ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыруға, жастарды спортқа баулуға серпін беретінін атап өтті. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген бұл игі іс Сарыжылға елді мекенінің тұрғындары үшін ерекше тарту болды.