КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР «АЛТЫН АЛҚА» ЖӘНЕ «КҮМІС АЛҚА» АЛҚАЛАРЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

262

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев көп балалы аналармен кездесті.

Кездесу барысында аудан әкімі атынан көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен құттықтап, салтанатты түрде табыс етті.

Мадияр Мұхтарұлы: «Құрметті көп балалы аналар, аяулы жандар, ардақты аналар! Сіздер үшін бүгін қос қуанышты күн. Марапаттарыңыз Білім күні мерекесімен қатар келіп тұр. Биыл ауданымызда мектептің табалдырығын 5 мыңнан аса оқушы аттады. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда оқушы саны артуда. Осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырған Сіздердің үлестеріңіз бен өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында деп білемін. Жыл сайын көп балалы аналар мен балаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетілуде. Олай болса, «Отан отбасынан басталады» демекші, Сіздер ұрпақты дүниеге әкеліп, мейірім сыйлап, үлкен азамат етіп өсіріп отырсыздар. Отбасыдан бөлек, сіздердің араларыңызда қоғамда түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар бар. Өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш пен жақсылық тілеймін. Ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын!»

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығына сәйкес, жалпы 62 көп балалы ана марапатталды.

Бүгінгі марапатталғандардың ішінде басым көпшілігі үй шаруасындағы аналар. Ақсукент ауылынан 29, Ақбұлақ ауылынан 11, Арыс ауылынан 10, Қарасу ауылынан 8, Жібек жолы ауылынан 4 ана болды.

Іс-шара соңында алтын құрсақты аналар өз ризашылықтарын жеткізді.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың аудан әкімдігінде 2 қыркүйек күні марапаттау рәсімі жалғасатын болады.