ТАРИХЫН БІЛГЕН ЖАҢЫЛМАС

236

 

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толды. Өмірі өнегеден тұратын дара тұлғаның есімі Шымкент қаласының тарихымен бірге аталып келеді. Шымқаланың ажарын ашқан демалыс аймақтары, ғимараттар, жолдар, түрлі нысандардың салынуында дара тұлғаның үлкен еңбегі жатыр. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, он жылдай Мақтааралды, жеті жылдан астам уақыт Шымкент облпарткомның ауыл шаруашылығы саласы бойынша хатшысы болған Уәлихан Сүлейменұлы А.Асқаровтың тәрбиесін көрген азамат. Ол халық перзентімен қызметтес болып, сол жылдардағы әрбір оқиғаны қағаз бетіне түсірген. Уәлихан Сүлейменұлының «Ақиқат» кітабынан қайраткер жайындағы естеліктерінен үзінділерді ұсынып отырмыз.

…Асекең 1978 жылы облпарткомның бірінші хатшысы қызметіне келе сала, алқалы бір мәжілісте әр қаланың орталығы, қала тұрғындарының демалыс орны болуы керектігін, Шымкент қаласының орталығының көрінісі жақсы еместігін облпарткомның орналасқан көшесі Тәуке хан даңғылының (бұрынғы Коммунист көшесі) бойына көп қабатты үйлер салып, әсемдеуіміз керектігін айтты.
Сол айтқаны орындалып, осы даңғылдың бойына үш қабатты жаңа сауда орталығы, екі қабатты «Береке» дүкені салынды. Қазіргі Дулати көшесі мен Қонаев даңғылы аралығында, Тәуке хан даңғылдарының бойына биік үйлер, «Ақ дастархан» сауда үйі салынды. Қонаев және Тәуке хан даңғылдарының қиылысында зәулім үйлерді, қаладағы ірі өндіріс және мекемелері сол кезде салынған болатын.
Қазіргі Қонаев даңғылы да жөнделіп, жаңа үйлер салынды және салынып та жатыр. Осы ғимараттардан кейін Шымкент қаласының орталығы өзгере бастады. Аталғандармен қатар, химиктер мен машина жасаушылардың мәдениет сарайлары салынып, халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Абай атындағы саябақта да көптеген жұмыстар жүргізілді. Тамашалау доңғалағы, ересектер мен балалар үшін әр түрлі ойын аттракциондары қойылды.
Саябақтың ішінде Ұлы Отан соғысы құрбандарына арнап «Даңқ» обелискісі ашылды. Онда мәңгілік от – алау жанып тұрады. Асекең өзі бастап «Даңқ» обелискісін ашқалы бері әр жылы оның алдында Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өткізіліп, гүл шоқтары қойылып тұрады. Қаланың ішінде басқа да саябақтар жөнделді, бірнеше су бұрқақтар салынып, іске қосылды. Саябақтарда асхана, дәмхана, қымызханалар істей бастады.
Қала көшелері таза болуы үшін Асекең күнбе-күн қала басшыларынан мәліметтер алып отыратын. Соның арқасында қала тазарып және күннен-күнге сұлулана түсті.
Асекең бір күні облпарткомның бюро мәжілісінде қаланың көркін ашатын тың мәселе көтерді.
–Қазіргі Әл-Фараби алаңы дұрыс салынған, бойында Ж.Шанин атындағы драма театры келбетін келтіріп тұр. Қала тұрғындары алаңда күнделікті демалуда. Өздеріңізге белгілі, әр мейрам күндері шерулер өткізіліп жатыр. Байқасаңыздар, алаң тарлау құсап көрінеді, екі жағындағы көшелер тура емес, екі жаққа бұрылып кетеді. Маған мынадай ой келді, оған көп ойландым. Қазіргі Желтоқсан, бұрынғы Долорес көшесінің бойында жаңа алаңның құрылысын бастасақ, көшені жаңартсақ. Осы көшенің қазіргі Қонаев даңғылы мен Байтұрсынов көшесі аралығында бос жер көп.
Облпарткомның ғимаратын салсақ, қасына көрнекті биік зәулім үйлер, басқа да жаңа сұлу ғимараттар салынса, әдемі, ұзын көрікті алаң болып, қала тұрғындары демалатын кіші саябақтар болар еді,- деді Асекең.
Бұл ұсынысты барлық облпарткомның бюро мүшелері бір ауыздан мақұлдады және қолдады.Осылайша Асекеңнің басшылығымен жаңа алаңның жобасы жасалды.
Ондағы Асекеңнің ойы Бейбітшілік, бұрынғы Мир мен Темірлан тас жолы көшелерінің қиылысынан Желтоқсан, бұрынғы Долорес көшесінің астынан машина жүріп Дулати, бұрынғы К.Маркс көшесінен шығатындай болуды жоспарлап, жобасы жасалған болатын. Олбпарткомның биік зәулім, көрнекті ғимараты салынатын болды.
Сол жылдары қазіргі Желтоқсан көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында екі тоғыз қабатты үлкен ғимараттың құрылысы басталып та кеткен болатын.
Облпарткомның ғимаратының орны белгіленіп, құрылысы басталған кезде, облпарткомның бюро мүшелері жиналып қалғанда Жамалбек Шаймерденов:
–Асеке, мен Қазақ ССР-ның Министрлер Советінің төрағасы Байкен Әшімовпен сөйлесіп, облыстық кеңестің атқару комитетінің ғимаратын салуға қаржы сұрап едім, беретін болды,- деді.
Асекең: – Онда өте дұрыс, облпартком мен облаткомның ғимаратын бірлесіп салайық. Жамалбек, қаржыны тездетіп сұраңыз! Жобаны қайта жобалау керек. Онда облпарткомның бастаған құрылыс жұмыстарын тоқтата тұрайық,- деді.
…Асекең қаланың сыртынан демалыс орнын салуды жоспарлап, ипподромның құрылысын бастады. Сонымен қатар, Бадам су қоймасынан канал салудың арқасында Шымкенттің төңірегіндегі жерлерді суландырып, қазіргі Дулати көшесінен басталатын демалыс аймағындағы биіктікке салынған «Қайнар» дәмханасына дейін көше аралап, көшенің екі жағынан суды ағызып, жарық шамдар қойып, қала тұрғындарының Тереңкүр жолы арқылы демалып келуді жоспарлаған болатын. Асекең Төле би ауданындағы Қасқасу ауылынан Алатаудан ағып шығып, қалаға келетін Қасқасудың бойын екінші «Медеуге» айналдырып, қала халқының демалуына жағдай жасауды да жоспарлаған еді.
Мәскеудегі «ВЦСПС»-ке дәлелдеп көрсетіп, 360 орындық демалыс орнының құрылысы басталған болатын. Сол жылдардың қыс айының бірінде Асекең мені шақырып: – Өзін және К.И.Шарамко, Ә.Сасбұқаев үшеуің қаланың сыртын аралап, қай жерден хайуанаттар бағын салуға болады, соған ұсыныс жасаңдар!, — деді. Үшеуміз қаланың сыртындағы барлық жерді күні бойы аралап, айналып, қазіргі хайуанаттар бағы тұрған жерді қолайлы болады деп жобаладық. Асекең ұсынысты қабыл алып, маған осы туралы олбпарткомның секретариатының қаулысын дайындауға тапсырма берді.
Қаулының жобасын сол кездегі облпарткомның ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, қазіргі Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев дайындаған болатын. Қаулы қабылданды.
Асекең маған: «Қорғасын», «Фосфор», «Цемент», «Прессавтомат» зауыттарының директорларын шақырып осы қаулымен таныстыр, олардың пікірін білейік»,- деді. Олар келген соң, Асекеңнің тапсырмасы бойынша мен оларды қаулымен таныстырдым.
Бірінші болып Р.Хобдабергенов: – Мына ұсыныс өте дұрыс, Асекеңе айтыңыз, хайуанаттар бұрышы емес, шырайлы Шымкенттей үлкен қалаға хайуанаттар бағын салу керек, біз әрқайсымыз кемінде бір-бірден вольер салуға дайынбыз,- деді. Басқа да зауыттардың директорлары осы сөзді қоштады. Асекеңе болған әңгіменің барлығын айтқанымда: – Солай болатынын білген едім. Онда, осы хайуанаттар бағының құрылысын жүргізуде, басқаруда өзің комиссар боласың,- деді.
Содан соң хайуанаттар бағының құрылысын салуды басқаруға кірістім.
Осы сияқты демалыс аймағында ипподромды салуға облпарткомның екінші хатшысы Н.Г Давыдов, 5,8 шақырымдық балалар теміржолын салуға облпарткомның өндіріс саласы бойынша хатшысы, кейіннен екінші хатшысы В.И Николаев, дендрологиялық саябақты салуға облыстық кеңестің атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары В.И. Немченко басшылық жасады.
Осы құрылыстар салынып жатқан кезде Асекең жиі аралап, құрылыстың жүру барысын қадағалап, облпарткомның бюро мүшелерін тыңдап: «Ал, комиссарлар, қайсыңның жұмысың қалай жүріп жатыр?» — дегенде «Қайсымыздың жұмысымыздан қандай кемшілік табар ма екен?»,- деп отыратынбыз.
Кімнің құрылысы дұрыс жүріп жатса, соны мақтап, артта қалған құрылыстың комиссарын әзіл-шынын араластырып сынайтын. Шын мәнінде, бұл құрылыстар қала халқының құрылысына айналған болатын.
…«Дендросаябақтың» құрылысы Асекеңнің бастамасымен 1979 жылғы қараша айында облпартком мен облаткомның №22/147 «Қаланың демалыс аймағында дендрологиялық саябақтың құрылысын жүргізу» туралы қаулысы қабылданды. Дендросаябаққа әуелгіде 152 гектар жер бөлінген. Бұл қоқыс тастайтын ойлы-қырлы жер болғандықтан, пайдалануға жарамайтын жер болып есептелетін. «Адамның қолы – гүл» деген рас. Дендросаябақтың қалай дүниеге келгенін, кімдердің аянбай қызмет атқарғанын облыстық партия комитетінің сол кездегі ауыл шаруашылық саласы бойынша хатшысы ретінде мен жақсы білемін. Осы қаулының шешімінің талабына сай дендросаябақтың жобасы Ф.Байматовтың басшылығымен жасалды.
Оның құрылысына «Главрис совхоздың» құрылыс және өндіріс бірлестігінің басшысы Т.Айменов, №25 «Шымкентсельстрой» тресінің бастығы В.Мельников, «Дорстрой» тресінің бастығы В.Дьяченко, «Шымкентводстрой» тресінің бастығы Қ.Бектұрсынов, «Южказэнерго» басқармасының бастығы Қ.Абдуллаев, «Гордорстрой» басқармасының бастығы О.Тұрсынбаев, тағы көптеген облыстық және қалалық құрылыс мекемесі басшылары құрылыс жұмыстарын аса шеберлікпен орындады. Желдің өтінде жатқан қаланың қоқыс төгетін орнына топырақ төгіліп, тегістелді.
Саябақ құрылысын басқаруға Немченко Валентин Иванович (сол кездегі облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары) комиссар болып еді. Немченконың басшылығында жоғарыда аталған облыстың және қаланың тиісті құрылыс мекемелері саябақтағы барлық құрылыстар мен басқа жұмыстарды аса шеберлікпен орындады. Облпарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің номенклатурасына жататын облыстық ауыл шаруашылық тәжірбие станциясының директоры Қ.Асановқа Асекең бүкіл әлемнің сәнді ағаштарының көшеттерін әкелуді тапсырды. Станцияға қарайтын ауыл шаруашылығы техникумының студенттері бүкіл іске жұмылдырылды. Асқаровтың өзі әкелінген көшеттердің әрқайсысының Шымқаланың ауа райына төзімділігін ғалымдармен бірлесе отырып, зерттеу жүргізетін.
Осындай зерттеулер еске алынып, дендросаябаққа 210 мың түп сәнді ағаш көшетінің 1214 түрі отырғызылды. Отырғызылған 210 мың көшеттің 15200-і қылқан жапырақтылар. Бұлардың ішінде мәжнүн тал, шетен, үйеңкі, емен, шынар, терек, талшын, тағы басқа сәнді ағаштардың көшеттері бар еді. Дендросаябақта бүгінгі күні 390 мыңнан астам ағаш көшеттері өсіп, жайқалып тұр. Мұндай дендросаябақ республикамыздың бірде-бір облысында жоқ.
Менің өзіммен-өзім оңаша қалуды қалаған кезімде дендросаябаққа барып демалу қашаннан бергі әдетім. Сондай сәттің бірінде сап-сары жапырағы саудырай төгілген бау ішінде жападан жалғыз аралап, дендросаябақтың жұмысымен танысып, «өзім еккен емен ағашының жағдайын көрейін» де жиі шығамын. Қолыммен еккен шыбығым зәулім дараққа айналыпты. Қуанышым қойныма саймай тұранда, бақтың басқарушысы Кендебай Ахатпен ойда-жоқта сол арада кездесіп қалып, бұл ағаштың қанша жасайтынын сұрадым. Сонда ол «Жаратқан ием нәубаттан сақтаса, 1200 жылдық ғұмыры бар» деді.
…Хайуанаттар бағына 54 гектар бөлініп берілді. Оның құрылыс көлемі үш кезеңге бөлінді. Ондағы тиісті вольерлердің жоспарын облыстық колхоз жоспарлау мекемесі жасады. Менің қадағалауыма қаладағы барлық өндіріс, құрылыс, транспорт мекемелеріне бір-бір вольерлердің құрылыстары бөлініп беріледі. Тапсырма алған мекемелердің басшыларын, қаланың басшыларын хайуанаттар бағы салынатын жерге шақырып тұрдым. Кейбіреуі түсінеді, кейбіреуі түсінбейді. Құрылысты бастауда болған қиыншылықтарды сөзбен айтып жеткізу қиын.
Күн шаңқайып тұрады, бой тасалайтын көлеңке де жоқ, айдала. Қиыншылықтар болып жатқанда, біріншілер қатарында Қорғасын зауытының директоры Ырзабай Хобдабергенов, облыстың автокөліктер басқармасының бастығы Ақберген Тұралин тағы басқалары хайуанаттар бағының құрылысын шұғыл бастап жіберген соң, өзгелері де қалмауға тырысты. Жұмыс жүріп кетті.
Хайуанаттар бағының құрылысы демалыс аймағында алдыңғы қатардағылардың бірі болып бітті. Бақтың ішіне балықтың сан алуан түрлері өсірілетін аквариум салынып, іске қосылды. Хайуанаттар бағы ішінен құбыр жүргіздік, сол құбырлар арқылы енгізілген ағаштар, гүлдер суарылады. Осылайша, ипподромның ішін де суландырғанбыз. Ол жұмыс та менің басшылығымен жүргізілді. Хайуанттар бағына хайуандарды алып келумен облпарткомның хатшысы И.Тілеубергенов, облыстық кеңестің атқару комитетінің төрағасының орынбасары Д.Боповалар айналысты. Хайуанаттар бағының ашылу рәсімі ипподромнан кейін екінші болып, 1980 жылы сәуір айының 26 күні Асекеңнің алғы сөзімен ашылды. Бақтың бірінші директоры Насыр Сайдуллаев іске кірісіп, оның белсенді, тынымсыз жұмыс істеуінің нәтижесінде, облыс, қала басшыларының қолдауларымен 250-ден астам хайуанаттың түрі әкелінді.
Олардың саны 3 мыңдай болатын. 1980 жылдан 1985 жылдар аралығында Асекең аптасында, айында, мүмкіншілігіне қарай, зообаққа барып, барлық вольерлердің бірін қалдырмай аралап шығатын. Әрбір хайуанға жасалынған қамқорлықты көріп, оларға қалай күтім жасау керектігін де айтатын. Жұмысшылармен кездесіп, олармен әңгімелесіп, хал-жағдайларын сұрап, керекті жәрдемдерін жасап, олардың ұсыныстарын да іске асыратын. Асекең хайуанаттар бағын жалпы халықтың демалыс аймағына айналдырған еді…

«Шымкент келбеті»