ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРНАМА ТОҒЫСҚАН МҰРАЖАЙ

237

Танымал қайраткер Асанбай Асқаровтың атын ел жадында сақтауда Шымкенттегі №77 мектеп ұжымы көп еңбек сіңіріп келеді. Білім ошағына аты берілуімен қоса көрнекі тұлғаға мұнда тұтас мұражай да арналған. Мектептің іргетасы қаланғалы бері жинақталған музей 2005 жылы ашылады. Содан бері құрметті қонақтар келгенде, мерейтойлар кезінде ғана емес, жыл бойына оқушыларға, Асанбай Асқаровтың тұлғасымен танысамын деушілерге есігі ашық.

– Мектебімізде 2005 жылдан бері Асқаровтану сабағы жүреді. Онда 1-4 сынып оқушылары көрнекі тұлғаның өмірін, қызметін, жеткен жетістіктері мен елге сіңірген еңбегін, шығармашылығын әр тоқсанға бөліп оқиды. Оған қоса Асқаровтану үйірмесі бар. Онда 6-7 сынып оқушылары қатысады. Еркін клуб түрінде ұйымдасып, ел ағасына деп арнаған жазбаларымен, жыр шумақтарымен бөліседі. Ол өлеңдердің бір бөлігін жинақтап, шағын кітапша да басып шығарылған, – дейді Шымкент қалалық №77 мектеп-лицейдің директоры Толқын Аюбаева.

Асқаровтану үйірмесін мектептегі тарих пәнінің мұғалімдері жүргізіп отырады. Ұстаздар 1-4 сынып оқушыларына мұражайды таныстырып, аралатады.

– Асанбай Асқаров атындағы мемориалдық мұражайдың іргетасы мектебіміздің ашылумен тұспа-тұс келді. Мемориалдық мұражайдағы жәдігерлер ретінде Асанбай Асқаровтың өзіне және мектебімізге қатысты дүниелер жинақталған. Мұражайдың жұмыс істеу кестесіне келер болсақ, мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен бірлесіп, жылдық жоспар құрылады. Ол жоспар ішінде мектебіміздің табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларына мұражай ішімен таныстыру жағы міндеттелген. Жалпы, 1-4 сыныптар мұражайды аралайды, толық танысып шығады, – дейдітАсанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Раушан Шойнахова.

Мұражай ашылған кезде ең алғашқы жетекшісі Әлия Құрманбекова деген мұғалім болған. Математика пәнінен сабақ беретін оқытушыны әріптестері қала бойынша білікті маман еді деп еске алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын дүние салған мұғалім Асанбай Асқаровқа қатысты құжаттар мен дүниелерді жинауда көп еңбек сіңірген. Ол кісінің жолын кейін Роза Таубаева жалғастырады. Бүгінде зейнет демалысына шыққан география пәнінің мұғалімі Алматыға барып, Асанбай Асқаровтың жұбайы Фатима Ғалиқызынан қайраткердің орден-медальдары сияқты жеке дүниелерін алып келеді. Мұражай қорын жасақтауда Фатима апайдың көмегі көп тиіп, Оңтүстік өңірін басқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғаның өзіндегі ғана емес, таныстар мен туыстардың қолындағы жеке және кеңсе заттары, құжаттарының барлығы бір жерде сақталсын деген ниетпен, №77 мектеп-лицейдегі бірегей мұражайға табыстайды.

Мектепке келген қадірлі қонақтар, Асанбай Асқаровтың көзін көргендер мұражайға бас сұқпай кетпейді. Мұнда көрнекі тұлғаның қызмет барысында қолданған заттарынан бастап, өмірінің соңғы жылдары киген костюмі, өзі жазған жыр жинақтары мен оқыған кітаптары, құжаттары, мерейтойында алған сыйлық портреттер мен өзі салған суреттері де сақтаулы.

Иә-иә, Асанбай Асқарұлы білікті басқарушы ғана емес, ақындығы да, аздаған суретшілігі де болған. Армия қатарына дейін мұғалім болып істегенін ескерсек, ол таңқаларлық жайт болмаса керек. Кейін ел басқарып жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеген. Отбасымен бірге болған сәттердегі және сирек архив суреттер де осы мұражайдан орын тапқан.

Ал сіз Асанбай Асқарұлының ғылым академиясының мүшесі, ғылым кандидаты болғанын білесіз бе? Мектептегі мұражайда осы құжаттар да сақталған. Өмірінің соңғы жылдары еліміздің іргелі оқу орындары берген құрметті профессорлық атағы қаншама.

Мұражайдың тұтас бір бөлігі сирек суреттерге арналған. Асанбай Асқарұлының қызмет бабындағы сәттері, шетелге шыққан іс-сапарлар мен өзі басқарған өңірлерге келген мемлекет басшыларын қарсы алған сәттері бүгінде тарих болып сайрап тұр. Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Асанбай Асқаров үшеуі және тағы да басқа азаматтар түскен сирек сурет үлкен форматта басып шығарылып, мұражайдың төрінде тұр.

Мұражайдан мектеп өмірінің жылнамасына да орын табылған. Алғаш іргетасы қаланған кезден бастап облыс, қала басшыларының құрылыс барысын аралауы, мектептің ашылу салтанаты, мәртебелі қонақтардың ғимаратты аралап, танысуы, оқу жылынан үзік сырлар мен елеулі оқиғалар, шәкірттердің жетістіктері – бәрі-бәрі тасқа басылып, екі үлкен альбомға жинақталған. Осылайша мектеп өмірі мен оған аты берілген Асанбай Асқаровтың ғұмырнамасы бірімен бірі тығыз байланысып, астасып жатыр.

«Шымкент келбеті»