ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЕҢ БИІК ЕКІ ҒИМАРАТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Түркістанда дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салынып жатыр. Нысан әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан. Білім ұясында өңірдің барлық ауыл-аймағынан жиналған үздік оқушылар мен аса білімді балалар тәлім алады. Құрылыс барысымен танысуға келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қауіпсіздікті сақтауды басты талап етті. Жұмыстың сапасының ұдайы қатаң бақылауда болатынын айтты. Қасбетінің жобасымен танысып, жауаптыларға тапсырмалар берді.
— Мемлекетті дамытудың басты жолдарының бірі — адами капиталды арттыру. Бұл ретте сапалы білім беретін ордалардың маңызы айрықша. Түркістан шын мәнінде рухани орталыққа айналуы үшін білімді, мәдениетті жастар шоғырын тәрбиелеген жөн. «Дарын» мектеп-интернатына осындай міндет жүктеліп отыр. Сондықтан білім ошақтары барлық талапқа сай салынуы керек, — деді Д. Сатыбалды.
Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталмақ. Жұмыс барысында ең сапалы деген құрылыс материалдары пайдаланылуда. 200-ден астам құрылысшы жұмылдырылған. Келер жылдан бастап «Дарын» мектеп-интернатында 500 оқушы білім алады. Білім ұясының жанында 700 балаға арналған жатақхана құрылысы қатар жүріп жатыр. Ғимараттың жалпы аумағы 30 мың шаршы метрден асады. 5 га астам жерде орналасқан. Нысанның құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Оқу корпусында ішкі әрлеу, ішкі инженерлік желілерін жүргізіліп, шатыры жабылуда. Сыртқы инженерлік жүйелері жүргізілген.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көпқабатты тұрғын үйлердің және әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты екі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Өзекті мәселелерді пысықтады. Заманауи кешеннің құрылысы шетел мамандарының атсалысуымен жүзеге асуда. Бизнес орталықтары бар биік ғимарат келер жылы пайдалануға берілмек. Құрылысқа 100-ден астам адам тартылған.