ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

259

Ауданымыздағы руханиат-Әбунәсір әл-Фараби музейінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жалғасбай Көлбайдың жетекшілік етуімен бүгін өткізілген кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне ұсынылған төрт мәселенің қай-қайсысы болса да бүгінгі кезеңнің талабымен қарағанда өте өзекті екендігі дау тудырмайды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов пен аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтың және ауданымыздағы бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан отырыста кеңес мүшелері күн тәртібіндегі Шәуілдір, Отырар, Қарақоңыр ауылдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының атқарылуы туралы бірінші мәселеге байланысты аталған ауыл округтерінің әкімдері Ғалым Қыдырдың, Дінмұхаммед Үсетов пен Сәкен Айсейітовтің есептерін тыңдады.

Ақтөбе, Шілік ауыл округтеріндегі ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы мен тиімділік мәселелері де өзектілігі жағынан Ж.Көлбай төрағалық ететін кеңес мүшелерін бей-жәй қалдырмады. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімдері Исахан Тайгелтір мен Айдархан Рүстемовтер есепті баяндама жасап, өздеріне қойылған сұрақтарға қанағаттандырарлықтай дәрежеде жауаптар қайтарды. Келелі жиынның күн тәртібіндегі үшінші мәселе – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мемлекеттік қызметтер көрсетуі туралы бөлім басшысы Батырбек сыздық байыпты түрде баяндады. Отырар аудандық мәслихатының «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық мәслихат шешімінің жобасы туралы төртінші мәселе кеңес мүшелері тарапынан біршама кеңінен талқыланды. Осы мәселеге байланысты отырыста аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбайдың есебі тыңдалды.

Күн тәртібіне ұсынылып, Амантай Төрехан, Мәрия Белгібай, Құттыбек Нұрқұлов, Бақытжан Сапарбай, Темірхан Партай сияқты белсенді кеңес мүшелері тарапынан қызу ұсыныс-пікірлерге, орынды сын-ескертпелерге ұласқан кезекті отырыста арнайы шешімдер қабылданды. Жиында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов сөз алып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой-пікірлерін білдіріп, кеңес мүшелерінің алдағы кездердегі жұмыстарына толағай табыс тіледі.