ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛДЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

321

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың тапсырмасы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес Ақтөбе және Шілік ауыл округтерінде келелі кездесу өтті. Кездесуге ауыл окугінің әкімдері, мектеп директорлары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапты мамандары, ауыл билері мен ардагерлер, әйелдер кеңесінің төрайымдары мен белсенді жастар, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның басты мақсаты аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу, жастар саясатын жүзеге асыру барысы және өзге де қоғамдық мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылау.

Кездесуді ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймурзаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып өтті.

Басқосуда аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Зүбайра Надирова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазіргі дамыған заманауи қоғамда тұратындығымызға қармастан отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары азаймай жатқанын айта келе, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауына, әрбір азаматтың ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар екені Ата-заңымызда айқын көрсетілгенін жеткізді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Досанов аудан көлеміндегі жастар саясатының жүзеге асу барысы туралы баяндады. Жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, жұмыспен қамту шаралары, жастар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу секілді бірқатар мәселелерге тоқталды.

Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастарды жұмыспен қамту, бос уақытын тиімді пайдалану, алаяқтардан сақ болу секілді бірқатар өзекті мәселелер бойынша келелі әңгімелер айтылып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Жиынды қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы ауыл округтерінің әкімдерімен, құқық қорғау органдарының мамандарымен, жастардың қатысуымен өтетін кездесуді барлық ауыл округінде өткізу жоспарда бар екенін айта келе, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, ауылдардағы белсенді жастарды қолдау, ауыл биілері мен ақсақалдар кеңесінің рөлін арттыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және өзге де мәселелер бойынша атқарылатын жұмыстарды бірлесіп жүйелі түрде іске асыру керектігін тілге тиек етті.