АРЫСТА АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІ ТЕГІН ТАРАТЫЛУДА

284

Арыста «Tez Co Trade» компаниясының демеушілігімен, қала әкімдігінің ұйытқы болуымен және «Қолғабыс» қоғамдық қорының үйлестіруімен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға азық-түлік себеттері тегін таратылуда.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасымен демеуші компания ұсынған 200 куб азық-түлік 2 жүк көлігімен Алматыдан Арысқа жеткізілді.

Сонымен қатар, қаладағы түрлі кәсіпорын, мекемелерде істейтін қарапайым жұмысшылардың тізімі жасалып, «Қолғабыс» қоры арқылы үлестірілуде.

«Қазіргі кезде «Қолғабыс» қорының есебінде тұрған әлеуметтік көмекті қажет ететін 200-ге жуық отбасыға беріледі. Сол сияқты қала тазалығын қамтамасыз ететін «Қызмет Сервис» мекемесінің жұмысшылары мен мектеп, ұйымдарындағы еден жуушыларға, өзге де кәсіпорындардағы қарапайым қызметкерлерге беріледі», – дейді «Қолғабыс» қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабеков.

Сондай-ақ, ол азық-түлік себеті Арыс қаласына қарасты 6 ауылдық округ тұрғындарына да таратылатынын атап өтті.

Ал қор қызметкері Райхангүл Жақып бір отбасыға берілетін бір қорапта 6 түрлі кеспе түрі мен 5 түрлі консервіленген банкілер салынғанын айтады.

Бүгінде аталған қорда 7 қызметкер бар болса, қазіргі кезде Алфия Мұдарисова мен Мәрия Мыңбаева және Алдияр Ибрагимов ғимарат ішіне жиналған қораптарды сұрыптап, азық-түлік себетін түрлі өнімдермен толтырып, таратуға дайындап жатыр.

Әлеуметтік қызметкер Рысты Файзулла болса, тізімдегі отбасылардың әрбіріне жеке-жеке хабарласып, мүмкіндігінше көмекті алып кетуді сұрайды. Ал алып кете алмайтындардың үйіне қор өкілдері арнайы барып үлестіруде.

Сондай көмекке мұқтаж жанның бірі – Бибісара Рашидова еді. Жасы жетпіске таяған кейуананың үйіне келгенде, оның сырқаты дендеп, төсек тартып қалғандықтан, қор тарапынан қажетті дәрі-дәрмектер де жеткізілді.

Қала әкімдігі осындай ізгіліктің жаршысына айналып, игі іске атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді.