«БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР» АТТЫ БАТАГӨЙ ҚАРИЯЛАР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ӨТТІ

331

Бүгін жастарға үлгі, өнеге болар қасиетті қара сөздің мән-мағынасын түсіндіру және шежірелі қарттардың даналық сөздерін дәріптеу мақсатында, сондай-ақ ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35–жыл толуына орай Дарбаза елді мекеніндегі мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты аудандық байқау өтті. Байқауды аудан басшысы Мұхит Отаршиев ашып беріп, «Сіздердің келер ұрпаққа аманатты шежірелі сөздеріңіз әр істің өрге басуына зор ықпал етері сөзсіз. Алдыңғы буын ағалар, кейінгі буын інілерге айтар даналықтарыңызды аманаттау мақсатында өткізіліп кележатқан «Батамен ел көгерер» атты байқаудың бастау алғанына 10 жыл толып отыр. Қоғамдағы тындырымды тірліктердің бастамасы болған Республикалық Ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің 35 жыл толуы қарсаңында өткізіліп жатқан байқаудың орны ерекше. Жылдан-жылға, салмағы басым байқауға қатысушы өңір-өңірлердегі ауызы дуалы ақсақалдарымыз санының артуы қуантады. Интернет желісі мен ақпарат ағымының жылдамдығына ілесіп, болмысымызды сақтауға қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін» деп жылы лебізін білдірді.

Аудандық деңгейде өткізілген сайысқа 20-ға жуық ақсақалдар қатысып, салт-дәстүрімізде кеңінен тараған және ұмыт бола бастаған бата түрлерін жатқа айтып көпшілік ықыласына ие болды. Барлық қатысушыларға әртүрлі номинациялар бойынша дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Мұндай шаралар әрі қарттардың қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына себеп болса, енді бір жағынан жас ұрпақты ізгілікке, бірлікке шақыруда маңызы зор.