ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» БӘЙГЕ-МАРАФОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ 24 МЛН. ТЕҢГЕ АЛДЫ

250

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетті. 1200 шақырымды 11 күнде бағындырған батырларды Түркістан төрінде ел құрметпен қарсы алды. Бәйгенің жеңімпазы атанған Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына 24 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын атанған Жетісу өңірінің «Жетісу» командасына 12 млн. теңге жүлде тарту етілді. Мәреге үшінші болып жеткен Түркістан облысының «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн. теңге сыйақыны қанжығаларына байлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында және марафон-бәйгенің ашылу рәсімінде жолдаған құттықтау хатында бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, ұлттық спортты жаңғырту арқылы рухани серпіліс әкелу басты мақсат екенін айтқан болатын.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтыған тұңғыш жалпыреспубликалық ат аламаны. Бәйгеге қатысқан шабандоздар Қазақстанның киелі мекендерін аралап, күллі түркі жұртының астанасы болған Түркістан қаласында ат басын тіреді. Мәреге жеткен қатысушыларды Түркістан жұртшылығы үлкен қошеметпен қарсы алды.

Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, Sportqory директоры Асхат Сейсембеков қарсы алып, сертификат пен медальды тарту етті.

«Түркістан арена» стадионында өткен жабылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жобаның өміршең боларына сенім білдіріп, шабандоздардың ерлігін жоғары бағалады.

Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов дала дәстүрі мен Ұлы көшпенділер мәдениеті қайта жаңғыруымен құттықтады.

– «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-бәйге додасы 18 қыркүйекте Елордамыздан басталды. 11 күн бойы Ұлы Даланы көктей өтіп, бүгін Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреді. Марафонға қатысушылар күллі қазақ тайпаларының басын қосып, таңбасын бөліскен Ұлытау жерінен өтті. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне тағзым етті. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен қарт Қаратауды бойлай отырып, күллі түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласына жетті. Киелі Даланың рухын сезінді. Жобаны ұйымдастырушылар мен додаға қатысушыларға алғысымыз шексіз. Ұлы даладағы жорығымыз жалғаса берсін! – деді Асхат Раздықұлы.

Жеңімпаздарды қарсы алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да ұлттық спорт жанашырларын құттықтады.

– Бүгін біз қазақ руханияты мен спорты үшін аса маңызды жиында бас қосып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны қасиетті қаламызда мәресіне жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Жалпы соңғы уақытта Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Осы арқылы өңірде спортшы жастар, чемпиондар көбейеді деген сенім мол. Екі аптадай үздіксіз жортып, қиындықтарға мойымаған шабандоздарға айрықша алғыс айтамын. Өйткені біздің атбегілеріміз бен шабандоздарымыз 1200 шақырымды басып өтіп, ерлік жасап отыр. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін. Азаматтарымыз аттан түспесін! Халқымыздың мәртебесі биіктей берсін! – деді Д.Сатыбалды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен 18 қыркүйек күні Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылған аламанға елміздің 19 аймағынан келген 19 команда қатысуға ниет білдірген. Шабандоздар 11 күн ішінде 1200 шақырымды артқа тастап, бүгін Түркістан қаласында жарысты аяқтады.