А.ЕСБАЕВ: АРДАГЕРЛЕР – ЕЛІМІЗДІҢ АЛТЫН ҚОРЫ

217

Келес ауданында «Қарттарымыз – қазынамыз» атты мерекелік шара өтті. Аудан орталығында орналасқан салтанат сарайында өткен шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.

«Біз, әрқашан «Үлкенге–құрмет, кішіден–ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы 11 мыңнан аса ардагерлер жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс несібе тілеймін» — деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Мерекелік шара барысында 9 арадгерге емдік сауықтыру орталығына жолдама берілді. 30-дан астам зейнеткер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, ардагерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.