ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Бүгін аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен «Нұр-Шуақ» мейрамханасында қарттар мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, аудандық мәслихат хатшысы Сәдуахас Сейсенбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай, ауданымыздың түрлі саласында еңбек еткен ардегерлер мен қарттар, мекеме және құқық қорғау саласының басшылары қатысты.
Салт дәстүрімізге сай мерекелік шара абыз ақсақалдарымыздың ақ батасымен ашылды.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт алғы сөз алып, қазыналы қарттарымызды мерекелерімен құттықтады.
«Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер»-деп, Нұрлан Мархабатұлы ауданымыздың дамуына және қоғамдық шараларға белсенді ат салысып жүрген бір топ қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге Алғыс хат және кәде-сыйлықтар табыстап, иықтарына шапан, камзол жапты.
Салтанатты басқосуда аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаевта белсенді қарттарымызды мәслихат Алғыс хатымен марапаттап, мерекеге орай құттықтауын жеткізді.
Сонымен қатар, ортаға құқық қорғау саласының басшылары мен ардагерлер кеңесінің төрағасы және ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелеріміз шығып, мерекеге орай ыстық лебіздерін білдірді.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарапынан қонақтарға концерттік-бағдарлама ұсынылып, ұлттық тағамымыз бес бармақ тартылды.
Бұл мереке ХХ ғасырдан бастап әлемде пайда болған. Бастапқыда Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді. Ал, елімізде осыдан 32 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын.