ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТЕН

1169

Қайырымдылық — адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі. Ондай адам рухани құндылықтарды материалдық құндылықтан жоғары қояды. Өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленеді. Мейірімділік — адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Жылы жүректен адамдар арасындағы сыйластық, кең пейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделеді. Қайырымдылық адамның жоғары адамгершілік белгісі ретінде оның бүкіл тыныс-тіршілігін, жан дүниесін жадырататын, шат-шадыман тіршілігі үшін қажетті аса маңызды қасиеттің бірі болып саналады.

«Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады» (Шәкәрім). Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан. Ж.Баласағұн «кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең — мейірімділік көресің», деп мейірімділікке зор мән берген.
Өкінішке орай, мейірімділік пен қайырымдылық сынды қасиеттер барлық адамға тән емес. Тіпті біздің заманда оның қажеті де жоқ дегенді естиміз. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның негізгі тірегі. Лепірме сөз секілді көрінсе де, мейірімділік пен қайырымдылық адамға адам болып қалуына көмектеседі. Қалаған жағдайда мұндай лайықты қасиетке кез келген адам ие бола алады. Қалай дейсіз ғой? Мысалы Шымкентте «Шүкір» қайырымдылық қоры биыл рамазан айында 50 отбасыға азық-түлікпен қамтамасыз етті. Құрбан айтта 15 отбасына қара малдың етін таратты.
Кез келген жерден көмегіңізге мұқтаж адамды кездестіре аласыз. Бұл кез келген адам болуы мүмкін, мысалы, қарт көршіңіз, кішкентайын өсіріп жатқан жалғызбасты ана, қиын жағдайға тап болған танысыңыз. Оларға уақытыңыз бен назарыңызды бөліңіз. Көмегіңіз қажет емес пе екен, сұраңыз. Мысалы, қарт адамдарға сыртқа шығу қиын болса азық-түлігін тасып беруге болады немесе дәрісін әкеліп беріңіз. Бұл көмегіңіз болмашы болса да, ең бастысы, шынайы және шын жүректен шыққан ұсыныс болсын. Мейірімді іс жасағаныңызға өзіңіз де бір сәт риза болып қаласыз. Және, бұдан кейін де мейірімді істер легін жалғастыруға ықыласыңыз ашыла түседі.
Мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Өкініштісі жомарт жандардың саны азайып бара жатыр, адамдар кез-келген жағдайда, бірінші орында өз пайдасын ойлап тұрады. Айтарым, ашкөздік пен сараңдықтан аулақ болайық, игі істер жасамасақ адамдық кейпімізді жоғалтып аламыз.
Көмекті қандай түрде білдірілетіні аса маңызды емес. Қалай болғанда да, сіз басқа адамға көмектесіп қана қоймай, өзіңіз де қайырымды, мейірман бола түсесіз. Осындай азаматтардың бірі қала тұрғыны Арибжон Абдураимов мүгедектер күні қарсаңында 100 отбасын азық-түлікпен көмектеспек.

Жанар Күлназарова,
№7 бөлімшенің әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанты