ҰЛТТЫҢ ҰЙЫСУЫ – ОДАН ӘРІ ДАМУДЫҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ 

234

«Ұлттық мүдде» – ұлттың өзін-өзі сақтауына, дамуына және қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне деген саналы қажеттілігі. Ұлттық мүддені мемлекет көшбасылары қызметінде мемлекет қажеттіліктерін түйсінуі мен көрсете білуі деп те анықтауға болады.

Мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті сақтау, ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту, қорғаныс қабілетін арттыру, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерге төтеп беру, ортақ рухани бағдарға жету Мемлекет басшысының үнемі назарында екені айқын.
«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Президент «Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді», деп айқындап отыр.
Президенттің ұстанымдары еліміздің ішкі және сыртқы саясаты арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы сыртқы және ішкі саясатының басты бағдары – мемлекет және
қазақстандық ұлттық мүддені қорғауды негізгі мақсат ретінде қарастырып, сыртқы ортаға бейімделген икемді сыртқы саясатты пайдаланып, елдің суверенитетін, аумақтық тұтастылығын сақтап, мемлекет экономикасының артылуы мен қарқынды дамуын жеделдету, экономика және реформалар үшін қолайлы жағдай тудыру, республикамыздың халықаралық аренадағы беделін арттыру.
Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделері оның әлемдік қауымдастықтағы өзіндік ерекшелігін сақтауға, ұлттық қауіпсіздікті, саяси егемендікті және тұрақты демократиялық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған. Олардың мәні үш тірекке негізделеді: халықтың өркендеуі, олардың тұрғылықты жерінің қорғалуы және орналасуы, ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту. Дамудың әмбебап құндылық бағдары тұрғысынан елдің стратегиялық таңдауы – азаматтық қоғам, заңның үстемдігі және нарықтық экономика.
Президенттің Жолдауда «Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек», деп нығыздауы да қоғамымыз үшін бұл мәселенің ауқымдылығын, күрделілігін көрсетіп отыр.
Еліміздегі қазіргі кезде бейбіт шерулер қарсылық қозғалыстарына, қайшылықтарға, бұқаралық агрессиялық шараларға айналып кету қаупі ерекше. Бейбіт шеруге шақырған топтардың ішінде түрлі бағыттағы топтар мен мүдделердің конгломераты байқалады. Оларды қазіргі таңда біріктіріп отырған мәселе – билікті сынау және саяси жаңғыру жолындағы реформаларды жоққа шығару. Мұндай ағымдар кейбір жағдайларда ұлтшыл-шовинистік-экстремистік бағытпен де бірігіп кету қаупі бар.
Мұндай алауыздыққа шақыратын, бөтен жат идеологияларды дәріптейтін, ұлтаралық алауыздықты тудыруға тырысатын арандатушылық әрекеттерге қарсы тұру тек мемлекеттің немесе құқық қорғау органдарының ғана міндеті болып қалмауы керек, жалпы қазақстандық қоғамның негізгі мүддесіне, негізгі идеясына айналуы маңызды. Елде тұрақсыздыққа жол беру, оның экономикалық, саяси, идеологиялық зардаптарын жоюдың қаншалықты күрделі екенін басқа елдердің тәжірибесінен аңғарып отырмыз.
«Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек», деп әр қазақстандық зиялы қауымға тілек артқан Президенттің бағыт-бағдарларын жүзеге асыру үшін атсалысуға барлығымыз мүдделіміз.
Көп жағдайда әуелден-ақ жалған ақпарат тарап, халықты дүрліктіріп, мүдделі топтар мақсатына жетіп, көпшілікті өз манипуляциясына көндіріп алып жатады. Басқарылатын хаос теориясының негізінде бұқаралық ой-сананы қайта құру және ақпараттық, әлеуметтік-мәдени технологиялардың көмегімен адамның барлық рухани салаларында айлы-шарғы жасау арқылы сананы өзгерту қаланған. Бұл мәселені әлемдік ақпараттық-психологиялық соғыс деп айтуға болады.
Бұл мәселе бойынша да Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды», деп, осындай келеңсіз құбылыстармен күресте ұлт зиялыларына үміт артып отыр.
«Сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, мен жанбасам лапылдап, аспан қалай ашылмақ?» деп Назым Хикмет айтып өткендей, әр қазақстандық
Президент Жолдауында айтылып отырған осындай қатерлі үрдістерге қарсы тұруымыз қажет. Бұл жолда Қазақстан Республикасының әр азаматының көкейінде қазіргі ғаламдану кезеңінің қауіп-қатерлерінен сақтанып, халқымыз болашақта бейбіт өмір сүріп, жаңа серпіндер, жетістіктерге жете беруін қандай жағдайда жүзеге асыруға болады деген маңызды мәселелер тұр. Сол үшін бізге жаңа қағидатқа негізделген, тұжырымдамалық-мазмұндағы және рухани жауапкершілікті жүктейтін жаңа өмірлік ұстанымдар қажет.

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Саясаттану» кафедрасының
меңгерушісі