ХАЛЫҚТЫҢ  БІРІНШІ  КЕЗЕКТЕГІ  МӘСЕЛЕСІН  ШЕШУ — БАСТЫ МІНДЕТ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

405

Шымкенттің Абай ауданында 322 мыңнан астам халық тұрады. Аудандағы 34 елдімекеннің 33-і ауыз сумен қамтылған, бүгінгі таңда 1 елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Абай ауданының халқы 100% таза сумен қамтылады. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов шаһар басшысының халықпен кезекті есеп беру жиынында айтты.

«Былтыр «Жаңаталап», «Ынтымақ-2», «Ақтас-2», «Нұршуақ», «Жаңа Тұрлан» елдімекендеріне ауыз су кіргіздік. Жыл соңына дейін «Құрсайдағы» құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізіледі»-деді Б.Парманов.

Аудан әкімінің берген мәліметінше, «Нұршуақ», «Жаңаталап», «Батыс» тұрғын алаптарын электр жарығымен қамту жұмыстары бітуге жақын. Жаңа жылға дейін 4366 тұтынушы сапалы электр қуатына қол жеткізеді.

Көгілдір отынмен барлық елдімекеннің 24-і қамтылған. Биыл 7 нысанда құрылыс қырқынды жүргізілуде. Келесі жылы тағы 3-де газ тарту жұмыстары басталады. Жалпы, Абай ауданы 2024 жылы толық газбен қамтылатын болады.

«Инфрақұрылым құрылысы әр жылға кезең-кезеңімен жоспарланған. Халықтың бірінші кезектегі мәселесін шешіп беру – біздің міндетіміз. Қала басшысы М.Әйтеновтің тікелей қолдауымен алдағы 2 жылда «Абай» ауданы бойынша су, газ, жарық мәселесі түбегейлі шешіледі. Сабыр сақтап, берілген уәделердің орындалуын күткендеріңіз үшін халыққа алғысымды білдіремін»-деді аудан әкімі.

Ал «Самал-3» пен «Солтүстік Батысқа» қазіргі уақытта кәріз жүйесі тартылуда, ол да аяқталуға жақын. Келесі жылы «112 орамда» құрылыс басталады. Сөйтіп бұл мәселе 2025 жылға дейін 59%-ға шешімін табатын болады.

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.

Кеңесте ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулықты бекемдеу жайы қаралды. Отырысқа қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды.

Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық тұрғын үй басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жұлдызай Ордабекова, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен тоқталды.

Қоғамдық келісім кеңесі – қалалық ҚХА жанынан құрылған консультативті-кеңесші орган болып табылады.

Құрамына абыройлы ақсақалдар мен этнос көшбасшылары енген кеңестің негізгі функциясы – қоғамдық келісімге кері ықпал ететін мәселелерді қарап, әлеуметтік және басқа да шиеленістерді болдырмау жөнінде ұсынымдар беру.

Айта кетейік, биыл кеңес тарапынан мекемелерге 18 ұсыным берілді. Аудандық деңгейдегі кеңес мүшелері этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтарда өткен 31 кездесуге қатысып, берекелі бірліктің мән-маңызын жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылды.