ЕМХАНАНЫ ЕРКІН ТАҢДАУҒА БОЛАДЫ

322

Ағымдағы жылдың 15 қыркүйек және 15 қараша аралығында еліміздегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына еркін тіркелу науқаны жүргізіліп жатыр. Осы ретте, медициналық ұйымға тіркелу барысында кездесін мәселелер төңірегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Асхат Бейсенбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
— Асхат Асанұлы, жалпы Қор филиалымен қанша медициналық ұйым келісімшартқа тұрды? Әрі емхананы таңдау науқаныңда пациенттің тіркелетін аймақтары жөнінде қайдан білуге болады?
-Биылғы жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 47 медициналық ұйым Қор филиалымен шарт жасасты. Оның 22 (47%) мемлекеттік мекеме және 25 (53%) жекеменшік. Олардың тізімін Қордың fms.kz сайтында, «Клиниканы таңдау» бөлімінен көруге болады. Пациент алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымға тiркеле алады. Ескеретіні, алдын ала пациент өзі таңдаған клиникада бос учаскелер бар-жоғын нақтылап алғаны жөн.
-Тіркеу науқаны не үшін қажет?
-Аталмыш акция елімізде жыл сайын өткізіледі. Науқан кезінде пациент өзі тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады немесе өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға берілетін мүмкіндік.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады.
Медициналық көмексіз қалмауы үшін әр адам тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталындағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеру қажет.
Айта кетерлігі, пациент тіркелген емхана 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсетеді.
-Емхананы таңдау кезінде нені ескеру қажет?
-Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету отбасылық бақылау принципіне негізделген. Отбасылық дәрігер бүкіл отбасының өмір салтымен, сондай-ақ оның әр мүшесінің мінез-құлқымен немесе тұқым қуалайтын ерекшеліктерімен таныс болғандықтан, дәрігерге осы отбасы мүшелерінің салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру, мүмкін болатын аурулардың алдын алу және емдеу оңайырақ болады. Осындай тәсілмен медициналық көмек көрсету кезінде оның сапасы да айтарлықтай артады.
-Емханаға қалай тіркелуге болады?
-Бірінші әдіс, бұл барлық азаматарға арналған. Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту: www.egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама беріледі. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде жүзеге қаралады.
Екінші әдіс бұл, халықтың жекелеген санаттарына арналған.
Олар емханаға жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіне алады. Атап айтар болсақ, олар зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер, студенттер, мерзімді қызмет әскери қызметшілері, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.
-Емханаға тіркелу науқанына жаппай қатысуы керек пе?
-Науқанға барлық азаматтардың қатысуы міндетті емес. Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында тіркелген күйі қызметті алуды жалғастырады.
-Мәселен, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан шетел азаматы қандай медициналық көмекті алады және емханаға тіркелуіне болады ма?
— Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 28 қазандағы № 745 бұйрығына сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар емханаға тек Қазақстанда тұруға ықтиярхаты болған кезде ғана тіркеледі.
Ықтиярхаты бар пациент ТМККК және МӘМС медициналық көмегін ала алады. Егер осы қамаудағы адамның ықтиярхат болмаса, онда ол шұғыл жағдайларда ғана медициналық көмекке жүгінуіне болады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 ақпандағы №320 сәйкес, ТМД қатысушы мемлекеттердің азаматтарына шұғыл жағдай алынғанға дейін және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде ТМККК медициналық көмек көрсету туралы келісім негізінде тиісті қызметтер көрсетіледі.
-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаңызға рахмет!