ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЗАУЫТ

241

Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкентте алюминий банкаларын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды. Бұл зауыттың елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы және қолдауымен салынған өндіріс орнының ашылуына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, зауыттың лентасын қиды.
Министр аталған жобаның маңыздылығына назар аударып, Шымкент қаласының экономикасын өркендетуге осындай өндіріс орындарының үлес қосатынын атап өтті.
Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов шаһарда жыл санап жаңа өндіріс орындарының көбейіп келе жатқанын алға тартты.
–Бүгін Орталық Азия аймағындағы алюминий банкалар шығаратын алғашқы зауыт іске қосылып отыр. Біз еліміздегі Шымкенттің экономикасына ауқымды инвестиция тартумен қатар, жоғары технологиялы өндірісті дамытып, импорттың үлесін азайту бағытында жұмыс істейміз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, «QAZALPACK» компаниясы ашқан ең озық үлгідегі заманауи зауыт жоғары стандартқа сай жасалған өнім шығарады. Нақтырақ айтар болсақ, зауытта газдалған және газдалмаған, төмен алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі, оңай ашылатын қақпағы бар алюминий банкалары шығарылады. Осы күнге дейін мұндай банкалар шет елдерден импортталып келген. Бұл кәсіпорын Шымкентте сусын түрлерін өндіру саласының қарқынды дамуына зор септігін тигізеді деп күтілуде.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан зауыттың аумағы – 20 000 шаршы метрді құрайды, ал, қуаттылығы жылына 600 млн. альюминий банка шығаруға жетеді. Бұл өнімдер Қазақстан нарығында саудаланумен қатар, экспортқа да шығарылады. Кәсіпорында 145 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Мамандардың айтуынша, алюминий – экологияға зиянсыз метал. Алюминиден жасалған құтыны бір емес, бірнеше рет қайта өңдеп пайдалануға болады.
Жалпы, бүгінде Шымкент қаласының экономикасы орнықты дамып келеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары инвестициялық белсенділіктің артқаны байқалады. Соңғы 5 жылда қала экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 2022 жылдың 9 айында Шымкент экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 600 миллиардқа жетеді деп күтілуде.
Ресми деректерге жүгінер болсақ, бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды.
Сарапшылар инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқанын алға тартып отыр. Бюджет көлемі 582 млрд.теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 83 млрд.теңгеден, 251 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайған. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 6 трлн.теңге инвестиция тарту көзделген. Оны орындау бойынша нақты жоспар жасалыпты.
Шымкентте 5 өндіріс аймағы құрылған. Оның ішінде 3 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ бар. Бұл аймақтардың жалпы аумағы 886 гектарды құрайды. Әрі бұл аймақтарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, индустриалды аймақтардың дамуының арқасында биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары.
Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде қаладағы 5 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ, сол себепті әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жеке индустриалды аймақтарының инженерлік- инфрақұрылымы жүргізілуде. Бұл өндірістік аймақтарда 111 жоба іске асырылып, 10 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады.
Айта кетейік, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биылғы жылдың 8 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 22 миллиард 401 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 342 миллион теңгеге артқан.
Ресми деректер бойынша, Шымкенттен шығатын өнімнің 3,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте, әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 98 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал, кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Осылайша Шым шаһар отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды.
Өнеркәсіпті қолдау шараларының арқасында бүгінде Шымкент қаласында 60 белсенді экспортер-кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысымен экспорт көлемі 573,5 млн. АҚШ долларын құрады. 2022 жылдың басынан Орта Азия елдері, Ресей, Қытай, Иран сияқты, жалпы 15 елге 460,1 миллион АҚШ доллардың тауарын экспорттады.
Бүгінде Шымкент қаласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңнан асып отыр. Оның 95 502 белсенді жұмыс істеп тұр. Экономиканың осы секторында 180 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Саладағы өнім көлемі 2021 жылы 1 триллион 607 миллиард теңгені, ал салық түсімдері 102,5 миллиард теңгені құрады.