БЕРЕКЕНІҢ КІЛТІ – КӘСІПТЕ

323

«Берекенің кілті – кәсіпте». Шымкентте кәсіптің көзін тауып, мемлекет ұсынған қайтарымсыз қаражатты игілігіне жаратып жүрген азаматтардың қатары жыл санап артып келеді. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы өкілдері берген мәліметке сүйенсек, 2021 жылы 786 азамат мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрсе, 2022 жылдың өткен төрт легінде 1196 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған.

Қайтарымсыз гранттың иегері атанып, өз кәсібін ашқан азаматтың бірі – Ақылбек Бейсенов. Іскер азаматтың орталыққа ұсынған бизнес-жобасын комиссия мақұлдаған соң, 2021 жылы 583 400 теңге көлемінде мемлекеттен өтеусіз қаржы алып, жиһаз цехын ашқан.

– Үш жылдан аса жиһаз жасау саласында тынымсыз еңбек етіп, оның жасалу жолындағы бірқатар технологияларын меңгердім. Мемлекет тарапынан кәсібін ашуды ниет еткендерге қолдау бар екенін естіп, бизнес-жобамды ұсындым. Жоба қолдау тапты. Қажетті қаражатты алып, өз үйімнің жанынан цех аштым. Қажетті құралдарды сатып алдым. Қазіргі таңда ескі жиһаздарды жаңартып, тұтынушыларға жеткізіп береміз. Алдағы уақытта асхана, жатын бөлменің жиһаздарын жасауды жоспарлап отырмын. Сондықтан қолынан іс келетін замандастарыма тәуекелге барудан қорықпай, еңбек етуге шақырамын, – деді жиһаз шебері Ақылбек.

Қазіргі таңда өз үйінің ауласында жиһаздың сан түрін жасап жатқан шеберге жүгінушілер көп. Ал өнімдер өз қаламызда дайындалатындықтан тұрғындарға қолжетімді бағада саудалануда. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тауып, отбасын асырап отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.

Ал шымкенттік Жеңіс Мырзабаев мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланған шағын кәсіп иесі. Еңбекші ауданының тұрғыны 2021 жылдың сәуір айында 583 400 теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алған. Ол бала күнінен техника тілін жақсы түсінгендіктен, өз саласын көлік жөндеу ісімен байланыстырған.

–Көлік айдап жүргеніме 15-16 жылдай болды. Арасында көлік жөндеуді кәсіби шеберлерден үйреніп, өз қажетіме де жарап жүрді. Шеберхана ашу ертеректе ойымда болғанымен, қаражат қол байлау болды. Қайтарымсыз грант жайында естіп, жауапты мекемеге бизнес-жобамды өткіздім. Комиссияның алдында оны қорғап шығып, өткен жылы қаражатқа қол жеткіздім. Шеберханам әзірге шағын. Алдағы уақытта жұмысқа адамдар қабылдап, кәсібімнің аясын кеңейтуді мақсат етіп отырмын, — дейді Жеңіс Мырзабаев. Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтың қазір тұрақты клиенттері бар.

Биыл ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 теңге. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады.