“СОЗАҚБАЙ — СОЗАҚТЫҢ ЕМЕС, ҚАЗАҚТЫҢ ӘҢГІМЕСІН АЙТТЫ…”

929

Оңтүстікте ел сыйлайтын екі адам болса, бірі-Созақбай дер ем. Қай қызметте болмасын, абырой биігін аласартпаған адам. Зейнетке шықса да, елдің амандығы мен қоғамның бірлігін ойлап жүрген жайдары мінезді, көпшіл жан. Елдің сөзін сөйлейтін Созақбайдай сыйлы аға қоғамға керек. Ол, билік деп, бас иетін адам емес. Өз ойын билікке бүкпесіз жеткізеді. Кез-келген мәселені кесіп те, есіп те айта алады. Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың армандаған ашық қоғамын орнату үшін де, билік пен бұқара арасында байланысты бекіте түсу үшін де, Созақбайдай кесімді, шешімді ой айтатын абзал ағалар керек. Олардың ақыл-ойын тыңдап, әрқашан алға салып жүруіміз керек. Төрден орын беруіміз тиіс. Рас, Созақбай ағама Түркістан облысы төрден орын берді де. Онысына рахмет! Қазір, Созақбай ағам Түркістан облысы ҚХА жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағалық тізгінін мықтап қолға алды. Ауыл-аймақты аралап, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестің алқалы жиынын аппараттан алыстатты. Яғни, кабиннтте емес, Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Шардара, Жетісай, Мақтарал сияқты шалғайдағы шаруаны не мазалайтынын және қоғамның тыныштығы мен бірлігіне не керегін білу үшін алқалы жиынды ауылдағы ағайынның алдына барып талқыға салуды жүйеледі. Кеше ғана Түркістан өңіріне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі келді. Түрлі БАҚ, қоғамдық ұйымдар мен этнос өкілдерімен кездесті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев ҚХА жанындағы құрылымдардың қатысуымен өзі жүргізетін жиынды, мен емес, елдің мәселесін елдің ағасы айтсын, ашық диалог болсын- деп Созақбай Әбдіқұлов ағама тізгінді сеніп тапсырғаны жөн болды. Созақбай ағам министрге емін-еркін елдің әңгімесін айтты. Басқаларға да сөйлеуге ерік берді. Сөзге жазылмай-ақ, өзімде сөйледім. Не керек, Түркістандағы жиын “сірескен сценаримен” емес, ашық диалог болды.
“Үкіеттің құлағына жеткізерсіз”-деп, сөз соңында Созақбай ағамның өзі де ауылдағы ағайынның жанайқайын үш мәселемен жеткізді. Біріншіден- ауылды жерлерден аналар босанатын перзентқаналар салудың өзектілігін айтты. Шардараның шалғай ауылдарындағы жүкті аналар жолда босанып қалып жатқанын жанкүйзеліспен ашық айтты. Екінші айтқан мәселесі-аудан, ауылдағы мектептерді басқаруды жергілікті әкімдіктен алып, біржола облысқа өткізіп жіберу әбестік екенін ескертті. Мәселен, Түркістан облысындағы 900 дей мектептің мәселесін шешуді облыстық білім басқармасындағы 20 адамға жүктеп қою “жүдә” дұрыс емес-деді. Үшінші айтқан үлкен мәселесі-көктемгі егіс кезінде берілетін жанар-жағар май тапшылығын жою қажеттігіне назар аударуды сұрады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Үкімет мүшесі ретінде бәрінде жазып алды. Қаперге алатынын және тиісті орынға жеткізетініне уәде етті министр. Жалпы, жиынды қорытындылап, кітап оқитын қаламгер министрге кітап сыйлаған Созақбай ағам біле-білсек, бір Созақтың емес, бар қазақтың әңгімесін айтты.
Ерсұлтан Әмірбек
Журналист, Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы