СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР
Сот саласындағы тәжірибесі бар мамандар ретінде біз кемшіліктер мен қателіктерді көрсете отырып, биліктің негізгі мемлекеттік институттарын реформалауға көмектесуге міндеттіміз. Шыны керек, 30 жылдық тұрақты реформалар көзге көрінетіндей нәтиже шығара алмады. Бұл жағдай мәңгілікке созыла алмайды. АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн айтқандай, «Аз топты өмір бойы алдауға болады. Бүкіл халықты аз уақыт алдауға болады. Ал бүкіл халықты өмір бойы алдауға болмайды».
Өкінішке қарай, өткен 30 жыл ішінде жаңадан тағайындалған басшылардың бірінші кезекте өздеріне сеніп тапсырылған ведомствоны болсын-болмасын реформалайтын теріс тәжірибе қалыптасты. Біз реформалаудың шексіз процесіне олардың нақты өзектілігі мен қажеттілігін ескерместен, прогрессивті реформатордың бейнесін жасау үшін ғана қатыстық. Осындай алданыш жолмен жүріп қоғам үшін ең маңыздысы – туындаған құқықтық мәселені әділ шешу екенін ұмытып кеттік.
Жүргізіліп жатқан реформаларға ұдайы талдау жасап отыру қажет. Олардың аралық нәтижелері қандай? Сапасы сын көтере ме? Тіршілікке қабілетті ме? Құрғақ формальды тәсілді жою қажет. Нақты нәтижелерге қол жеткізбейінше басшылардың жүргізіліп жатқан реформалар үшін жауапкершілігін күшейту керек.
Мәселен, соңғы 3 жылда Азаматтық іс жүргізу кодексі екі рет қабылданды. Егер бірінші редакция сапасыз болса, онда неге мұндай сапасыз жұмысқа құқықтық баға берілмеді? Неліктен ешкім жауапкершілікке тартылмады? Екінші жобада түбегейлі не өзгерді? Сондай-ақ 2015 жылдан бастап жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Алайда, қолданысқа енгізілгенге дейін жарты жыл ішінде осы нормативтік-құқықтық актілерге бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Демек енгізілген реформалар институционалды емес, терминологиялық сипатта болды. Ал бұл олардың дайындығының сапасыздығын көрсетеді.