ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: ЕЛ ДЕМОГРАФИЯСЫНА ҮЛЕС ҚОСҚАН

346

Шорнақ ауылында тұратын Нәжиба әженің ғұмыры қиыннан қиыстырылған. Ендеше, әуелі әжейдің өміржолына үңілсек.

Нәжиба Шайхуллақызы 1936 жылы 2 маусым күні Башкирия елі, Ильич ауданы, Тыпы ауылында дүниеге келген. 8 жасынан еңбекке араласып, нәубет жылдардың тауқыметін тартқан, өткен ғасырдың зұлмат соғыс жылдарын басынан өткерген жан. Ол балалық шағында көрген қиындықтарды әлі ұмытқан жоқпын дейді.

Екі ғасыр куәсі соғыс жылдарында тылдағы ауыр еңбекке жегіледі. Сол тұстағы ерте есейген буындардың бірі әрі бірегейі соғысқа аттанған ер азаматтардың орнын басып, еңбек еткен. Өзінің айтуынша, колхоздағы барлық жұмыстарға араласып, үлесін қосқан. Одан бөлек жүн түтіп, кесте тоқыған.

-1943 жылы мен 1-сыныпқа бардым. Сонда есімде мені үйден қолымнан жетектеп шыққан үлкен ағам сол күні соғысқа аттанды. Сабақ оқып жүріп, колхоз жұмысына да шықтық. Үстімізде бүтін киім де болмады. Көбіне аяғымыз жалаңаш жүретін. Көрші үйдің қызы үстіне алаша жамылып жүретін. Осы көрініс көз алдымда қалып кетіпті. Колхоздағы барлық жұмыстарды атқардық, қой бақтық, картоп қазуға баратынбыз. Бұдан бөлек тор тоқимыз, кесте тоқимыз. Бір күні қатты ауырып қалсам керек. Анам колхоз бригадиріне: қызым түнімен ауырып шықты, колхоз жұмысына жібермеймін,-деді. Сонда колхоз бригадирі: Жоқ болмайды. Орыстың ұл-қыздары күн демей түн демей ұйықтамай партизандар қатарында жүр, оларда ұйқы да жоқ. Сендердің ұйқыларың тыныш, колхоз жұмысына шығады -деп ауылдағы барлық балаларды колхоз жұмысына салды. Буыным қатпай еңбек еттім. Үлкен ағам соғыстан 1947 жылы аман-есен келіп, қауыштық,- деп жастық шағын айта отырып, көзіне көбірек жас алды.

Адам баласы туылған сәтте тағдыры маңдайына жазылып қояды,-дейді көне көз қариялар. Шынында, маңдайына жазылып қойған тағдыр сызығы башқұрт қызын қазақ еліне алып келіпті.

— Зұлмат соғыстың зардабы жойылмаған қиын кезеңдер болатын. Құрылыс саласында еңбек етіп жүргенмін. Қазақстаннан Түркістан теміржолына еңбек етуге жастарды шақырып, алып кетуге арнайы өкіл келіпті. Маған барасың ба деп сұрағанда: «мен бармаймын»,- деп айттым. Сол кезде әкемнің туған інісі: «Екі қыз болып бірге барып келіңдер. «Бір жылға қоянның терісі де шыдайды», бір жылға барып келіңдер. Бір-біріңе серік боласыңдар», -деді. Ағамның сөзін қимай, Рашидамен еріп келдім. Түркістанға келгенше ана тілімдегі «эпи» сөзінің қазақша атауы «нан» екенін сұрап алып, «эпи» — «нан» деп жаттап келдік. Бұл 1954 жылдың 28 қазан күні болатын. Түркістан вокзалына келіп түсіп, жатқанымызда бір орыс әйелі бізге: «сақ болыңдар»,-деді. Сол сөз миымда қатты жатталып қалды. Бізді №26 разьезге жіберді. 5 қараша күні жұмысқа шықтық. Біраз уақытқа дейін ауа-райына, әсіресе күн ыстыққа шыдай алмай кетемін деп жүрдім. Сол жылдың желтоқсан айында Фрунзе ауданына, яғни, Шорнаққа келдік. Алғашқы айлығымызды алып Рашида екеуіміз гүлді көйлек алдық. Рашидаға Жұматай есімді қазақ жігіті келіп тұратын. Мен ешқайда шықпайтынмын. Бір күні бес қыз болып киноға барғанбыз. Сөйтсек, Шәмірбек бізді сыртымыздан жеңгесіне көрсетіпті. Жеңгесі мені көрсетіп: «осы қыз жақсы, алсаң осы қызды ал», — депті. Шәмірбек: «өзімнің де ұнатып жүрген қызым осы»,-деп айтыпты. Содан, Шәмірбек жеңгесінің бір ауыз сөзінен кейін мені жетектеп үйіне алып келді. Сол күн әлі есімде. Бұл 1955 жылдың 27 сәуірі болатын. Екеуміз 50 жылға жуық отандастық. Құдай қосқан қосағым 2001 жылы 17 ақпанда бұл пәни өмірден өтті. Бүгінде осынау қарашаңыраққа келін болып түскеніме 66 жыл болыпты. Қазаққа тұрмысқа шыққан күннен бастап Нәзипа Анарбаева атандым. Аллаға шүкір, 10 ұл-қыз тәрбиелеп,өсірдік,-дейді Нәжиба әже.

Тұла бойы тұңғышы Жолдасбек 1956 жылы дүниеге келген. Бұдан кейінгі Гүлшат, Жақыпбек, Мұтай, Орынкүл, Нұрлан, Ләззат, Нұржан, Ержан, Нұрмахан есімді ұл-қыздарының арасы да екі жастан екен. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Бүгінде алды зейнеткерлікке шыққан 7 ұлы мен 3 қызынан 31 немере, 33 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Кеудесіне «Алтын алқа» медалі мен тыл ардагеріне берілетін Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарын жарқырата тағып, тамырын тереңге тартқан алып бәйтерек сынды жайқалып отыр. Айтпақшы, Нәжиба Шайхуллақызы өмірге 10 ұл-қызды әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берумен қатар, еңбектен де қол үзбеген. Қазақы тілмен айтсақ, баланы да туған, жұмысты да істеген. Нақтырақ айтсақ, 8 жасынан еңбекке араласқан Нәжиба әже зейнеткерлік жасқа дейін еңбек етіп, еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер.

Өнегелі тәрбие көрген ұл-қыздары бүгінгі таңда бір-бір әулеттің ардақты ата-әжесі, ата-анасы. Тіфә, тіфә,тіліміз тасқа дейік, кіндігінен тараған ұрпағы бас қосқанда өздері бір тойды өткізетіндей, үлкен әулет болыпты.

Нәжиба әженің пайымдауынша, ұзақ жасаудың сыры өмірге көп бала әкелуде және үнемі ерте тұрып, еңбек етуі, қолдан жасаған тағамдарды қолдану, мінездің байлығы, бар жағдайды ақылға салу және жанның тазалығы мен адал болу, сонымен бірге нық сенім.

Шорнақтық Жақыпбек ағаны көптен танимыз. Шорнақ ауылының әкімі және тағы басқа мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарғанын ел жақсы біледі. Мінезі салмақты, парасатты тұлғаны дүниеге әкелген ардақты ана — Нәжиба әжені көріп, біздің де көңіліміз тасыды. Өйткені, балаларының қуанышты жүзінен қуат алатын әженің нар тұлғасы бізге де күш-қуат беріп тұрғандай әсер алдық. Айтпақшы, әңгіме арасында ән шырқап, келіндері мен ұлдарына мейірімді жүзбен қарап, аналық ақ батасын беріп отырғанына қызыға қарадық. Әсіресе, «Абысын тату болса ас көп» деп ақын жырлағандай, қарашаңырақтағы ұлы Ержанның келіншегі Шара Алдиярова мен Жақыпбек ұлының өмірлік қосағы Роза Тәжібаева екеуінің ынтымақ-бірліктері артып, дастарқан басында көрсеткен ыстық ықыластары, енелеріне ене деп қарамай, туған аналарындай мәпелеп, жылы қабақтарымен бір-бірлерін түсініп отырғандары қандай керемет жарасымды дерсің. Шіркін, қазағымның келіндері-ай дегізетіндей, өнегелі, тәрбиелі келіндер екеуі де.

Әңгіме-дүкен барысында байқағанымыз, әжейдің есте сақтау қабілеті өте жақсы, бастан өткен оқиғаларды күні кешегідей әңгімелеп береді. Басынан өткен ауыр кезеңдерді еске алған сайын арасында жылап та алады.

Ана – ардақты. Ана – асыл. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз жәннаттың кілті – ананың табанының астында деп айтқан. Аналарын ардақтап, аялап, мәпелеп қарап отырған Анарбаевтар әулетінің өнегелі өмір көрінісі көпке үлгі. Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз, бөгетсіз болмайды. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп, өзінің деген жеріне жетеді.

Бұл біздің Нәжиба әженің өмір тарихын білгеннен кейін түйген ойымыз. Шынында, башқұрт қызы Нәжиба әже бүгінгі күні 85 жасын бағындырып, әлі де күйлі-қуатты болып, өмір – деген шексіз керуен жолында өзінің діттеген жеріне жетіп, бақытқа кенеліп отырған жан. Сөз соңында Нәжиба әжеге әлі де көш-керуеніңіз тоқтамай, ұрпақтарыңыздың ортасында солардың қызығын көріп жүз жасаңыз, денсаулығыңыз мықты, бақытыңыз баянды болсын деген ақ тілектеміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы