ШИРЫҚҚАН ШОРНАҚТЫҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҒЫ
Мемлекет басшысының пәрменімен бір жыл бұрын ғана Сауран ауданының орталығы мәртебесін алған Шорнақ Алпамыс батыр секілді күн санап емес, сағат санап дамып, жетіліп келеді. Бұрын Фрунзе ауданының орталығы болғандығын қарттар айтып мақтанғанымен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның Президенті шешімімен белгіленген шараның жүзеге асуына әр тұрғын шын ниетімен кірісіп, еңсесі тіктеліп келеді.
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековтің айтуынша, мұнда барлық мемлекеттік мекемелер көшіп келіп, орналасып жұмыла іске кірісуде. Мемлекеттік қызметкерлердің дені жастар болғандықтан жұмыс қарқыны жоғары. Көңіл күйлері көтеріңкі. Аудан орталығын дамыту жоспары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей басқаруымен жүзеге асырылуда. Дегенмен, ол тапсырмаларды ойдағыдай етіп орындау үшін де дұрыс маман, басшы таңдалуы тиіс. Өндіріс саласын өзінің бес саусағындай білетін, елге нағыз жанашыр жан Бердәлі Баймұратов көпшіліктің көп дауысына ие болып әкім болып сайланған еді. Қазір міне халық та таңдауының дұрыс жасалғандығына куә болып отыр.