САУРАН АУДАНЫ ҮЗДІК КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ИЕ

247

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Түркістан облысы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» 2021 жылдың 12 наурызындағы №534 жарлығымен жаңадан Сауран ауданы құрылды.

Жаңадан құрылған Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елдімекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені.

Сауран ауданының жалпы аумағы 721745 шақырым,  халық  саны  104,235  адам құрайды.

ҚР Президентінің 2021 жылғы 12 наурыздағы Жарлығына және ҚР 2001 жылғы қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, Сауран ауданы әкімдігінің жанынан жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 13 мемлекеттік мекеме құрылып, қазіргі таңда өз жұмыстарын атқаруда.

Сауран ауданының басты бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығы саласы. Сауран ауданының ауылшаруашылығы саласындағы басты міндеттерінің бірі Түркістан мен Кентау қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда жаңа ауданда осы бағытта жұмыстар атқарылып, жоспарлар түзілуде.

Жаңадан құрылған Сауран ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік көрсеткіштер көрсетуде.

Сауран ауданында 10 га жерге жылыжай салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жоспар 11,14 га-ға (111,4%) орындалды.

420 га жерге тамшылатып суғару әдісін енгізу жоспары 488 гектарға орындалып, 116,2% құрады. 65 бірлік техника жаңаланып, тапсырма (83,0%) орындалып отыр.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік беретін жаңа өзгерістер туралы, ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдері жайлы және субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру туралы тұшымды ойлар айтылған болатын.

Осы ретте, 938,0 га жерге жаңбырлатып суғару әдісін енгізу жоспарланса тапсырма 980,0 га болып, 104% орындалды.

«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» сәйкес, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында 1458,0 шаруа қожалықты 9 кооперативтерге біріктіріп, техникамен қамтамасыз ету және 11 мың га жаңбырлатып суару технологиясын ендіру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда, «Шаға» а/о кооператив негізінде 1565 га (2 кооператив 165 мүше) жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілді.

Жалпы жоба аясында құны 28,7 млрд.тг құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

ҚР ауылшаруашылығы қызметкерлері мерекесіне орай ұйымдастырылған «Алтын күз-2021» іс-шарасында Сауран ауданы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қос бірдей дипломымен марапатталды. Атап айтатын болсақ, «Ірі қара мал басын ұлғайтудан озат аудан» және «Ылғалды үнемдеу технологияларын ендіруде озат аудан». Бұл қос диплом жаңа ауданның ауылшаруашылық саласында үлкен жетістіктерге жетуге қауқарлы екендігін көрсетеді.

Аудандағы кәсіпкерлік саласына келетін болса, жалпы ауданда 33 кәсіпорын жұмыс жасауда. Сондай-ақ, аудан құрылғалы бері жеке кәсіпкерлер бірнеше мектеп, балабақша, спорт кешендерін салып, ауданның дамуына үлес қосуда. Қазіргі таңда жаңа аудан жан-жақты бағытта қарқында дамуда.

Құрылғанына жыл толмаған жаңа аудан аз ғана уақыт ішінде облыстағы үздік аудандардың алдыңғы шебінде тұруға қауқарлы екендігін көрсетіп келеді. Сауран ауданындағы «Divalux» жиһаз цехі облыстағы үздік жиһаз цехтерінің қатарына кіреді. 1 күнде 4 тонна пастикалық қалдықты құбырға айналдыратын Оранғай ауылдық округіндегі цех те облыстағы ерекше кәсіпорындардың бірі.

Сауран ауданы аты айтып тұрғандай, тарихқа тұнған аудан. Сондықтан да, ауданды туристік ауданға айналдыру басты назарда. Сауранды туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат- туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.

Сауран ауданында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарамағына кіретін Сауран қалашығы, Жылаған ата үңгірі, Үкаша ата кесенесі сияқты 61 тарихи нысан бар.

2022 жылға Сауран ауданының 12 ауылдық округтегі 32 елді мекенге жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында балалар алаңы, футбол алаңы, тенис корты және воркаут орнату жоспарлануда.

Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 га жер бөлініп, бұл жерге «Аудандық әкімшілік-іскерлік орталығы» салынатын болады. Биылғы 2022 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Аудандық әкімшілік-іскерлік орталығында аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелерінің ғимараттары және мәдениет үйі бірінші кезеңге қарастырылып отыр.

Жаңа ауданның алға қойған жоспары көп. Мәселен, 2022 жылдан бастап мемлекет бюджеті есебінен Қосмезгіл елді мекенінен 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі. 2022 жылы Оранғай ауылынан 150 орындық мектепке, Жаңа Иқан ауылдық округі Ибата елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысын салуға бюджетке өтінім берілген. 2024 жылы Яссы ауылдық округі Еңбекші дихан ауылынан, 2025 жылы Қарашық ауылдық округі Құмтүйін ауылы, Шорнақ ауылдық округі Аша ауылы және Ескі Иқан ауылдық округі Ескі Иқан ауылынан мектеп құрылыстары жоспарлануда.

Жаңа ауданның тұңғыш әкімі Ғани Құрмашұлы елді мекендерде жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге көп көңіл бөлуде. Аудан құрылған алғашқы күндерден бастап 12 ауылдық округті түгел аралап, мәселелеріне қаныққан аудан әкімдігі сол мәселелерді шешу үшін арнайы жол картасын да әзірлеп, жұмыстарды бастап кетті.

Тарихи топырақта жаңадан бой көтерген Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру мақсатында жүріп жатқан қарқынды жұмыстардың жемісті болуын тілейміз. Сауран ауданының құрылуы тарихи шешім болды. Кентау қаласының құрамында болған 12 ауылдық округтің тұрғындары да жеке аудан құрылғанына шын қуанышты.

Өзінің іскерлігімен, әділдігін, халыққа деген жанашырлығымен елге танылған ауданның тұңғыш әкімі Ғани Құрмашұлының жұмысына сәттілік тілейміз. 2 жылдан аса тарихы бар көне Сауран қалашығының аты-мен аталған жаңа аудан да болашақта тарихта қалатын аудан болатынына бек сенімдіміз.