БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ОН БЕС МЫҢДАЙ АДАМ ТҰР

251

Жақында қала әкімі БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 14839 азамат тіркелгендігі айтылды. Қазіргі таңда пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің басым бөлігі ипотекамен берілуде. Осыған орай, кезектегі адамдар санын төмендету үшін пәтер берудің жаңа бағдарламасын халыққа ұсыну қажеттігі белгілі болды.

Оның сыртында киелі шаһарда өз алдына жеке үй салып алушылардың кезегінде тұрғандар саны 60 мыңнан асып жығылады. Бұларға «жердің инфрақұрылымы жасалмай берілмейді» деген үлкен сұрақ алдан шығады. Инфрақұрылымды сырттан біреу келіп жасап бере ме деген орынды сұрақ қала тұрғындары тарапынан жиі қойылады. Бұл мәселе әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқтыратын аса күрделі мәселеге айналып барады.

Жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында «Әкімшілік-іскерлік орталығындағы» көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі мен құрылыс жұмыстары туралы мәселе талқыланды.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй құрылысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Қала әкімінің мәлімдеуінше, он айдың ішінде жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Яғни, жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған екі мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни, тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі. Сонда, жылына үш мың адам пәтерлі болады дегеннің өзінде бұл процесс бес жылға созылады екен. Бес жылда кезек күтушілер саны көбеймесе, азаймайды.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.

— Пайдалануға берілген үйлер халықтың барлық талабы мен сұранысына сай болуы тиіс. Бұл – өте маңызды. Үйлердің айналасын абаттандыруға да баса мән берілген жөн. Балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда ұсталынады. Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына қала әкімі және тиісті басқармалардың басшылары тікелей жауапты, — деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды пайдалануға беріліп жатқан үйлерді тексеріп, анықталған кемшіліктер бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды.