ҚҰТТЫ ШАҢЫРАҒЫМЫЗ БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛСА ДЕЙМІЗ

292

Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері ақпарат құралдарының өкілдерінің бас қосатын тағылымды шаралар аз өтіп жатқан жоқ. Соның ішінде ҚР Журналистер Одағы, Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен көптеген басқосулардың куәсі болып жүрміз. Десе де осы қаланың қарашаңырақ басылымы «Түркістан» қалалық газетінің орны бөлек екені даусыз. Кейінгі 3-4 жылды айтпағанда қасиетті шаһарға келген зиялы қауымның табан тірейтін құтты орны болып келген біздің редакция өңірдің қайта түлеу кезеңінің бастауында жаңа талап, жаңа бағдарларға бейімделу сатысында аз-кем ауыртпалықтарға жолықты. Қалай болғанда да жақсылыққа бастайтын мұндай өткінші қиындықтарға өкінішіміз жоқ. Айтпағым шаһардағы БАҚ өкілдерінің басын қосып, байырғы түркістандық ретінде игі істерге ұйытқы болып жүру парызымыз ғой. Осы ұстаныммен 2020 жылы «Түркістан» қалалық газетінің 90 жылдық мерейтойын атап өткенбіз. Қалың жұртты қыспаққа алған пандемия салдарынан ол кездегі мерейтойымызды белгілі бір шектеулер аясында өткіздік. Сол уақыттағы қала әкімі Рашид Аюпов, қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаевтар бастаған жергілікті билік өкілдері шарамыздың басынан аяғына дейін жүріп, үлкен қолдау көрсеткен еді. Негізі сол кезден бастап БАҚ өкілдерінің қатысуымен жыл сайын дәстүрлі түрде шағын футболдан газетіміздің жүлдесіне арналған турнир өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ, төтеннен келген індет оған мұрша бермеді. Міне, содан бері ойда жүрген жоспарларымызды іске асырудың реті осы жылға бұйырып тұр екен.

1930 жылдың 4-қазанында алғаш рет жарыққа шыққан газетіміздің (ол кезде «Қызыл Түркістан») туған күніне орайластырып, өткен аптаның жұмасында «Түркістан» қалалық газетінің жүлдесіне және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», қарымды қаламгер, «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек» газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына арнайы шара ұйымдастырдық. Алғашқы қадамымыз болған соң негізінен Түркістан қаласында жүрген әріптестерімізді ғана шақырумен шектелдік. Сол күні таңертеңнен түске дейін қаламыздағы ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен шағын футболдан «Түркістан» қалалық газетінің жүлдесі сарапқа салынды. Енді бұл жарысты жыл сайын тұрақты түрде өткізуді көздеп отырмыз. Одан соң қарымды қалемгерімізді есте сақтау мақсатында бұрынғы баспахана ғимаратының қабырғасына мемориалды тақта орнату рәсімін өткіздік. Түс ауғанда көзкөрген жандардың басын қосқан дастархан басында еске алу кеші өтті. Бұл жөнінде кеңінен қамтып, газет ұжымы өткен әр шараны бөлек әзірлеп оқырман назарына ұсынып отыр. Айта кетерлігі, осы шарамыздың басы-қасында жүрген Тұрабай Мырзахметовтің ұлы Марат Мырзахметов әлгі ескерткіш тақта мен еске алу жиынын өткізуге тікелей қолдау көрсетті. Сонымен бірге, ҚР Журналистер Одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, облыстық қоғамдық даму басқармасы, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров, «Аманат» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаевтар тілектестік танытып, шарамыздың басынан табылды. Ал бастаманың іске асуына бірден бір қолдау көрсеткен қалалық мәдениет үйі және Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Асилбаев пен аталмыш бөлімінің бас маманы Ердәулет Асановтарға айтар алғысымыз айрықша.

Қадірменді оқырман, енді «Түркістан Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Түркістан» және «Туркистон» газеттерінің жүлдесіне арналған шығармашылық байқау және спорттық бәсекелерді өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсатымыз — Түркістан қаласындағы қарашаңырақ басылым ұжымын әріптестердің ұйытқысына айналдыру және қалың оқырманмен тығыз байланыс орнатудан туындаған.

Мәлік ӘЛМАХАН,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.