“AMANAT”-ТЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУҒА НЕГІЗДЕЛДІ
Ұлы даланың тұғыры – Түркістан, ал тұғырнамасы-Тәуелсіздік болғаны анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құрудағы ұстанымы тың бетбұрысқа бастайтын бірегей бастама ретінде қабылданды. Бұл стратегия «Аманат» партиясының жаңа саяси тұғырнамасының негізгі идеологиясына айналады.
Қоғам үшін аса маңызды басқосудан алдын «AMANAT» партиясының Саяси кеңес отырысына қатыстық. Жиында партияның кезектен тыс XXIV Съезінің күн тәртібі талқыланды. Олар: Съезде алдымен ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну, партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдау, Жарғыға өзгерістер енгізу. Мұнан бөлек, Съездің жұмыс органдары да пысықталып, тиісті қаулылардың күші жойылатыны мәлім болды. Мәжіліс барысында сөз алып, Жаңа Саяси тұғырнаманың негізгі басымдықтары жайында пікірімді білдірдім.
Бөлініп бөріге жем болған, бірігіп ғана ел болған атамыз қазақ «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?!» деген ұран сөзді ұрпағына аманаттады. «Біз Асан Қайғының Жерұйығы мен Әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық миссиясын, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз». Дәл осылай жазылған тұжырымдама еліміздің ендігі бастамасын анық айқындап тұр.
Қоғамның қызу талқылауынан өткен және арнайы сарапшылардың зерттеуінен сараланған Саяси тұғырнама – Әділетті Қазақстанды құру қағидаларына негізделді. Онда отбасы құндылығы, білім мен ғылымға инвестиция салу, ауылды жерлерді медицина нысандарымен қамту, жұмыссыздықпен күресу, ұлтты ұйыстыру, мәдени-рухани дәстүрді жаңғырту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, тіл мәртебесін көтеру, құқықтық теңдікті сақтау, цифрландыруды жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, халық пен биліктің арасындағы көпір қызметін жалғастыру принциптері қамтылған. Сонымен қатар мемлекеттің басты бойтұмары – Тәуелсіздік, ал негізгі байлығы – адам екендігі нақты көрсетілген.
Ел арасында еңбек адамы ең құрметті жан болып, ол сапалы білім мен сенімді медицина қызметіне кез келген уақытта қол жеткізе алуы тиіс. Сондай-ақ еңбек құқығы әрдайым қорғалуы қажет. Партияның тұғырнамасындағы ең маңызды аспектілер, мінекей, осылар. Жалпы, жаңа саяси тұғырнамада негізгі басымдық ел азаматтарының сапалы өмір сүруіне арналған.
«AMANAT» партиясы ауыл шаруашылығындағы түйткілдер, жайылым жер мәселесі мен елді-мекен тұрғындарының табысын арттыру, жаңа кадрларды даярлау бойынша жұмыстар қолға алынып, бүгінде нәтижелерімен бөлісіп келеді. «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» жобалары қоғамға тиімділігін көрсетуде. Яғни партияның ішкі жұмыстардағы тәсілдері де жаңартылды. Сонымен қатар партия жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, өзгерістердің жаршысы болады деп нық сеніммен айта аламыз. Рухы биік, ынтымағы жарасқан, мақсаты айқын жоспарлар арқылы ел болып жетеміз деген үміт бар. «Біздің Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік» ұстанымын қолдай отырып, жауапты сәтте бірге жұдырықтай жұмылсақ алынбайтын қамал жоқ.
«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХIV Съезінде қаралған мәселелердің алғашқысы қараша айында өтетін Президенттік сайлауға кандидат ұсыну туралы болды. Жақында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтті. Онда түрлі түйткілді мәселелер талқыланып, Президентікке үміткер ұсынылған болатын.
Елдегі бүкіл өзгеріс Мемлекет басшысының реформалар қабылдауынан басталған болатын. Биыл көктемде көшбасшы партияны трансформациялау дәуірі қолға алынып, жаңа құжаттың жобасын әзірлеуге кіріскен едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халықпен етене жұмыс жасаудың нәтижесінде модернизациялау да сәтті аяқталды. Партияның осы жолы өткізген Съезінде маңызды шешімдер қабылданды.
Ел аузында бұл жолғы Съездің орны тым бөлек екені айтылуда. Жиынға 1200-ден астам адам қатысты. Оның ішінде 65 делегат Түркістан өңірінен сайланды. Республика бойынша ең көп Съезд делегаттары біздің өңірден аттанды. Себебі, халық саны жағынан алдыңғы қатардағы аймақ болғандықтан осындай шешім қабылданған болатын. Съездің екінші кезеңінде қазақстандықтар үшін өте маңызды шешімдерді қабылдадық. Партия төрағасы Ерлан Қошановтың Президенттікке кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын деген сөзіне делегаттар бірауыздан партия атынан келісті.
Түркістан өңірінің мақтанышы, айтыскер ақын, партияның Саяси кеңес мүшесі Бекарыс Шойбеков те мінберде сөз сөйледі. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білген іскер азамат екеніне тоқталды. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанай мысал бола алатыны айқын. Пікір алмасуға өзге өңірдің белсенді азаматтары да қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік геосаяси қайшылықтар процессінде өзінің дипломатиялық тәжірибесі арқылы еліміздің шет елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуына сеп бола алатын бірден-бір тұлға ретінде өзін дәлелдеп келеді. Сонымен қатар, елімізде биыл енгізілген реформалар халықтың талап-тілегіне негізделіп, әлеуметтік-экономикалық бағытты жан-жақты дамытуға бағытталған. Оған қоса, мемлекет басшысының соңғы Жолдауында жүктелген міндеттер мен саяси өзгерістер елдегі демократияның жаңаша сипат алуының алғышарты болды.
Съезден соң Президенттің қатысуымен Форум өтіп, еліміз үшін маңызды шешімдер қабылданды. Мемлекетте саяси науқандарды өткізу дәстүрі жаңа деңгейге көтерілді. Халықтың сайлауларға қатысу мәдениеті де артып келеді. Бұл еліміздің ендігі өмірі үшін шешуші факторларға айналары анық. Дегенмен қоғам арасында Халықтық коалицияны әлі де қабылдай алмай немесе түсініксіз көрініп жатқаны сезіледі. Не үшін қажет, мақсаты не деген сұрақтардың қойылуы да орынды. Алдымен өзара бәсекелес партиялардың бір арнаға тоғысуы уақытша кезең екенін ажыратып алған жөн.
ҚР Президент сайлауын өткізуге байланысты коалицияға біріккен 3 партия мен 20-дан астам саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің басты мақсаты және таңдауы реформалар аясында ауызбіршілікпен жұмыс жүргізу. Форумға жиналған 20 мыңға жуық адамның да көздегені осы болды. Әлемдік геосаяси жағдайларды ескерсек, жоспарланған науқанды ынтымақпен өткізу өте құптарлық әрі әділетті шешім екені анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси реформа жүргіземін деп уәде беру барысында айтқан маңызды шешімінің бірі-ешбір Президент өз лауазымын атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше болмауы керек деген талапты енгізу еді. Демек күткен биікке жетіп жатса Тоқаевтың жеңісін ешбір партия өзіне меншіктей алмайды. Артынша көп ұзатпай басталатын Мәжіліс пен мәслихат сайлауында мұны артық мүмкіндік ретінде пайдаланбайды. Қайта саяси ұйымдар үшін бұл таптырмас тәжірибе.
Мемлекет басшысы қолға алған барлық саланы қамтитын реформалары қоғамда қаншама жылдан бері көтерілген маңызды сұрақтарды қамтуы арқылы әрбір партияның ойынан да шығып отыр. Коалицияға қосылудың тағы бір себебі осы. Бізге «бір ел, бір тағдыр» қағидатын ұстану маңызды дер едім.
Қазір бөлінетін емес, бірігетін кезең. Үміткерді ортақ коалиция құра отырып қолдау әлемдік саясатта да бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Екінші тұсынан алғанда жекелеген ұйымдар осындай сәтте бірігу арқылы ауқымды саяси процеске араласады, аймақтарды аралап электоратпен байланысты күшейтуге мүмкіндік алады. Бұл коалиция алда да осылай жалғаса береді деген сөз емес ғой.
Келесі Парламент пен мәслихат сайлауларында әрбір партия жекелей көбірек мандат иелену үшін бір-бірімен ашық тартысқа түсетіндігі даусыз. Ал дәл қазір әрбір аудан ғана емес ауылға дейін бастауыш ұйымы бар «Amanat» науқанда негізгі ұйыстырушы ядро болары анық.
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты.