ТҮРКІСТАН ШҰРАТЫ МЕН КІШІ ШҰРАТТАРЫ
«Түркістан» деген атауға бағзы замандарда аса үлкен аймақтар мен елдер енгені белгілі, алайда, біз ауданымыздағы өзен-суларды ғана әңгіме етпекпіз.
Қазіргі Түркістан ауданы территориясы археология, тарих ғылымдарында Түркістан жазирасы (шұраты) деп айтылатыны белгілі. Бұлай деп айтылуына мұнда шоғырланған отырықшылық (егіншілік) мәдениеті ескерткіштерінің аса тығыз орналасуы мен басқа жазиралармен салыстырғандағы ерекшеліктері себеп болған. Ықылым замандардан мұнда өмір сүрген адамдардың тұрақтарының тау өзендері бойына тізіле орналасуы оның басты ерекшелігі болып табылады. Шын мәнінде, тарихи, археологиялық карталарға қарасаңыз өзендердің тау ішіндегі бастауларынан етегіне дейін адамдардың тұрақтары, қоныстары, қалалары, егіншілік алқаптары, арықтары, кәріздері екі жағалауға тізіле орналасқандығын байқар едіңіз.
І. Түркістан жазирасымен, Сырдария өзенінен басқа, таудан бастау алатын 13 өзен мен жылға ағып өткен, оның біреуі көрші Жаңақорған ауданында. Қазіргі күні ірі-ірі тау өзендері бөгеліп, су қоймалары құрылып, су реттегіш жүйелер жасалынған. Біз әрбір ірі-ірі су жүйелері суландырған аймақты сонда орналасқан егіншілік жүйесі мен аса ірі де қөне қалалардың атымен атап 8 кішігірім жазираға бөлгенбіз. Олардың алғашқысы Жаңақорған мен Түркістан аудандарының шекарасына орналасқан Сауран кіші жазирасы, оның жерімен Бесарық, Тастақсай, Үшөзен, Майдантал, Ашылған және Шығыр өзеншелері ағып өтеді. Сонымен бірге, бұл жазирада 220-дан аса кәріз жүйесі орналасқан, олардың жалпы ұзындығы 110 км-ге жуық. «Кәріз» дегеніміз жер асты суын тау етегінен төмен қарай тізіле қазылған құдықтарды туннель арқылы бір-бірімен жалғап жер бетіне шығару жүйесі. Кәріздердің ұзындығы бірнеше жүз метрден бірнеше шақырымға дейін созылады да ең соңғы құдықтың диаметрі аса үлкен етіліп қазылып су жер бетіне барынша жақын тұрады және оны жанындағы арықтарға шығырдың көмегімен көтеріп шығарады.
Өкінішке орай, бұл күндері жоғарыда аталған өзен, жылғалардың көбі құрғап қалған, кәріздер тартылып кеткен, тек іздері ғана сақталған. Олардың жағалары мен сағасына Ақтөбе І, Ақтөбе ІІ, Шаш ана, Қаратөбе-Сауран, Төрткүл-Қаражон, Шығырлы І, Шығырлы ІІ, Сауран, Міртөбе, Жалғызтам және Жаңа Сауран сияқты қоныстар мен қалалар орналасқан.
Өзендерге келсек – ең ірісі Бесарық, ол Жиделіайрық, Әбзелтастақсай, Көкбұлақ, Тамғалытас, Қарынжарық, Жалдыбозсай, Айыржалбұлақ, Жаманбұлақ, Талдысу, Мүсіркепағашбұлақ, Қарабұлақсай, Тұрлығұлбұлақ, Ұзынбұлақ сияқты жылғалар мен көздердің суынан құралады. Бір кездері таудан аққан сулар осы маңдағы Сарыбұлақсай, Жалғызағашсай, Арнаарық, Бесарық, Шығыр деген бес арнаны суға толтырған, қазір алғашқы үшеуі Қөлтоған су қоймасына біріктірілген. Бесарық өзі аттас су қоймасына құйылып одан ағып шыққан Бесарық пен Шығыр арықтары Тастақсайға құяды. Бұл құрғақ арық бір кездері Сырдың жағасындағы Көкшенге жетіп жығылған. Бесарық су жүйесінің жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асады.
Сауран жазирасындағы екінші ірі су жүйесі – Майдантал өзені. Терең тау қойнауындағы Бақты, Жамантас, Сарымсақсай бұлақ – жылғалары бірігіп Үшөзенге айналады да тау етегіне шыққан соң, бір замандарда, Майдантал арнасына құйылған, ал, қазіргі күні Үшөзен суының бір бөлігі тас арық арқылы су қоймасына, екінші бөлігі егістікке кетеді. Майдантал өзенінің құрғақ арнасы №30 разьезге жақындағанда «Ашылған» деп аталып Сырға дейін жеткен. Осы үш бөліктен тұратын судың жалпы ұзындығы 67 шақырымға жуық.
ІІ. Сауран жазирасының оңтүстігінде Сидақ ата кіші жазирасы орналасқан. Бұл жазирамен Көксарай, Жаңақорғанөзен, Тастақсай, Аша, Бозбұтақ, Жылаған ата, Ақтөбе, Табақбұлақ және Игілікөзен жылғалары ағып өтеді. Сонымен бірге, қолдан қазылған Бұлдырықарық, Сунақарық, Шорнақарық, Батырбас, Жаңғызжиде, Сасықбұлақ арықтары егістікке пайдаланылған. Осы өзен, жылғалардың бойында Көксарай І, Шорнақтөбе, Мазартөбе, Сидақ ата, Сасықбұлақ, Ақтөбе, Айнакөл-Бабай, Бұзауқорған, Саухым ата, Көксарай ІІ, Төрткүл-Бабайқорған және басқа да қалалар мен қоныстар орналасқан. Суларына келсек, Игілік ауылының жоғарғы жағындағы Табақбұлақтан бастау алған жылға ауылдан өткен соң Игілік өзені деп аталған, қазіргі күн бұлақ бастаудан 11 шақырымнан соң тарап кетеді. Игілік өзенінің ұзындығы 23 км, ол Сауран стансасына барып бітеді. Қазіргі сақталған құрғақ арнаға Бұлдырық бұлағы құяды.
Тау қойнауындағы Жылаған ата, Бозбұтақ, Қоғашық бұлақ, жылғалары бірігіп Ақтөбе өзеніне айналады да Ақтөбе ауылының тұсында ұсақ арналарға бөлініп кетеді. Тек Ақсерке деген арнасы Бабайқорғанның солтүстік бетіндегі Тастақсай деген арнаға келіп құяды. Бір кездері бұл арнаның Бабайқорғанның ішімен өтетін Жаңақорған өзеніне келіп қосылған ізі әлі күнге сақталған. Ақтөбе өзенінің жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық.
Тағы бір ірі су Теміртау, Жаңақорған т.б. бұлақтардың бірігуінен Көксарай деген өзенге айналып ескі Абай (Көксарай) ауылының тұсына жеткенде бірнеше жылғаларға бөлініп кетеді. Негізгісі Жаңақорғанөзен деп аталып Бабайқорғанның ішімен өткен соң Тастақсай, Наманарық деген құрғақ арналарға жетіп жоғалады. Бұл арналар Шорнаққа жете бере Наманарық Қызыл әскерге (Сунақ елдімекені) қарай бұрылып барып бітеді, ал Тастақсай Шорнақтан өткен соң Ашасай деп аталады. Ол Сидақ ата қаласының солтүстік-батысынан 600 м жерден өтіп Жайылма деген жерде бітеді. Бұл су көзінің жалпы ұзындығы 53 шақырым.
Басын Бабайқорғанның батыс жағындағы бұлақтардан алатын Батырбас арығы 6 шақырымнан соң екіге бөлініп тас жолдың батыс бетіндегі саласы Шорнақарық деп аталады да Шорнақтан өтіп барып жоғалады. Ал, басын Жаңақорған өзенінен алатын Сунақарық Қызыл әскерге (Сунақ елдімекені) қарай ағып Арыс-Түркістан каналына жетіп тоқтайды. Бұл арықтар мен Игіліктегі Мес бұлағы, Ақтөбе, Үржар және алда әңгіме болатын Шаға, Ташанақ, Қосқорған арықтары жайлы XIVғ. соңында Әмір Темір Әзірет Сұлтан кесенесіне берген «Вакфнаме» құжатында да айтылған.
Жаңақорған өзенінің тағы бір саласы мен Сасықбұлақ жылғасы Үлгілі ауылының солтүстігіндегі Сасықбұлақ тоғанын толтырады. Тоғаннан Сасықбұлақ каналы ағып шығып Сунақ арығына қосылады да біршамадан соң одан Жалғызжиде арығы бөлініп шығады.
ІІІ. Сидақ ата жазирасының оңтүстік – шығысында Қарнақ кіші жазирасы орналасқан, ол Иреката, Бестоған, Ермексу, Ермекөзен, Қарсақты өзеншелері мен Тазадарарық арығы, Шекербұлақ, Тасбұлақ, Жамбұлақ, Ащыбұлақ, Ақын тұма, Ясар бұлақ су көздерімен суландырылған. Сонымен бірге, мұнда көне заманғы Шаштөбе, Оқжетпес, Үштөбе І, ІІ, ІІІ, Ақын тұма, Жүйнек, Ғартөбе, Оғызтау ІІ, Қарнақ-Ішкент, Оғызтау І қалалары мен қоныстары орналасқан.
Тау ішіндегі Қасқаша, Қарасай бұлақтары қосылып Бестоған жылғасына айналады, оған жолда Иреката бұлағы қосылып Шерт (Құмайлықас) ауылынан өткен соң Ақсары су қоймасына құяды. Ақсарыдан шыққан бірнеше арық егіс даласына жетіп жоғалады. Жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асады.
Өрмек, Жүзімдік, Алтындық бұлақтары Ермексу жылғасына қосылып Шаштөбе ауылына жеткен соң Ермекөзен деп аталады, мұнда одан Тазадарарық (Таздар арығы) бөлініп шығады. Негізгі су Шаштөбедегі Ермекөзен су қоймасына құйылады. Тазадарарық Жарқора деген қырға дейін ағып барады, оның жалпы ұзындығы 23 шақырым.
Ермекөзеннен бөлінген Қызылсу деген арық ортағасырлық Қарнақ-Ішкент қаласын қоршаған орды суға толтырған, одан Қарасу арығы бастау алып қаланың ішімен цитаделін қоршай өтіп Нышан қақпасынан сыртқа шығады. Бұл арық бойына және одан бөлінетін Арғынарық бойына жалпы саны 13 су диірмені орнатылған. Арғынарық Коммуна (Жүйнек) елді мекеніне жетіп жығылады.
Ермекөзен Атабайдың (Қазіргі Қарнақ) ішімен өтіп, Шекербұлақты қосып Қарсақты сайына құяды да Нұртас ауылына жақындап барып жоғалады, жалпы ұзындығы 68 шақырымға жақын.
Жоғарыдағы Бестоған — Шерт суы деген атпен, Қарасу — Мір Қарасу деген атпен Әмір Темірдің вакфнамасында және Қожа Ахмет Ясауи ата-бабаларының шежіресі «Насабнамада» кездеседі.
- Қарнақ жазирасының оңтүстік-шығысын ең суы мол Қарашық кіші жазирасы алып жатыр. Суы мол Байылдыр, Бозбұтақ, Балаөзен, Балтабай жылғалары қосылып Байылдыр өзеніне айналады, ол жол бойы өзіне Жарбасқан бұлағын да қосып алып Оранғай ауылына дейін 49 шақырымды жүріп өтеді.
Алмалы, Жыңғылшек бұлақтары Біресек өзеніне құяды, ал, Талдыбұлақ пен Қантағы бірігіп Кентау қаласының шығысында Біресекке қосылып әрі қарай «Қантағы» деген атпен ағады да Құшата, Оранғайдан өтіп барып, Байылдырға қосылып Қарашық өзенін құрайды. Қысы-жазы тартылмайтын бұл өзен Теке ауылынан өткен соң саз-батпаққа айналады. Қарашықтың бастауларын қосқандағы жалпы ұзындығы 95 шақырымға жуық.
Жазираның ірі өзендері – Қызылата, Байылдыр, Біресек, Қантағы және Қарашық. Бұл сулардың бойында Қазтөбе, Қарашық І,ІІ,ІІІ, Мейрамтөбе, Қантағ, Хантағы І,ІІ, Оренг, Төрткүл І – Қарашық, Төрткүл-Құшата, Балақорған, Қызқорған, Кент, Төрткүл ІІ – Қарашық, Күлтөбе-Оранғай, Жылан-Қарауыл бекіністері, қалалар мен қоныстары орналасқан.
- Қарашықтан соң Шаға кіші жазирасы орналасқан, бүгіндері ол суландырылуы жағынан ең төмен жазиралардың бірі. ХХғ. басындағы жазба деректерде Шаға ауылының маңында 20-дан аса бұлақтың болғандығы, Жоғарғы Ташанақ ауылының солтүстігі де бұлаққа мол, қалың ағаш басқан жер екендігі, ауылда бірнеше су диірмені жұмыс істейтіндігі әңгіме болады. Жазираның алғашқы су көзі Қотырбұлақ Құшата ауылына шығыстан ағып кіріп, Қантағымен қатар ағып барып оңтүстікке бұрылады. Бас жағында Қотырбұлақтан бөлініп шыққан Арнасай Қосқорған жаққа қарай ағады да Найсабарық деген атпен қазіргі «Ынтымақ» ауылына бағыт алып Арыс-Түркістан каналына жетпей бітеді.
А.ЕРЖІГІТОВА