ТҮРКІСТАН: ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ АУА-РАЙЫ ЖЫЛЫЛЫҒЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕНІМЕН ҚЫС МЕЗГІЛІНІҢ ӨЗІНЕ ТӘН ӘБІГЕРІ БАР
Сондықтан, жылыту маусымы барлық өңірде тұрақты бақылау мен қатаң қадағалауды қажет етеді. Бүгінде бұл мәселе мемлекет басшысының да жіті назарында.
Түркістан қаласындағы жылыту жүйесінің жұмысы бойынша бүгін мен тиісті мамандармен жиналыс өткізіп, есептерін тыңдадым.
Қалада сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен жылу жүйесі кезең-кезеңмен жаңартылып келеді. Бір нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жылу құбырларының тозу деңгейі 79 пайыздан 30 пайызға төмендеді.
Биыл 1-2 мөлтек аудандарының ішкіорамдық магистральді желілерін жаңғыртудың екінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Құрылысын жүргізуді 2023 жылға жоспарлап отырмыз. Бұл нысандағы жұмыстар толық аяқталған жағдайда жылу құбырларының тозу деңгейі 30 пайыздан 10 пайызға төмендейді.
Облыс орталығында 17 жылу қазандығы бар. Бүгінгі таңда 12 қазандық көпқабатты 157 үйді (7798 пәтер) жылумен қамтамасыз етуде. Қалған 5 қазандық іске қосылуға дайын. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үйлер пайдалануға берілген соң жұмысын бастайды.
Сондай-ақ, газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі күні көгілдір отынды қалалықтардың 92 пайызы (38 060 абонент) пайдалануда. Газ жүйесі 3-желтоқсаннан бастап толық қысқы режимге ауысып, газ қысымы арттырылды.
Жаңа құрылыс аумақтарын назардан тыс қалдырмай, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту үшін тиісті тапсырмалар берілді. Құжаттары рәсімдеуге ұсынылған 1229 абонент көгілдір отынға қосылғаннан кейін қамту көрсеткіші 92 пайыздан 94 пайызға өседі.
Құрметті қала тұрғындары!
Жылыту жүйесі мен табиғи газ құбырына қатысты барлық мәселені дер кезінде назарға алып, шұғыл шешілуін ұйымдастыру үшін қала аумағында мобильді топтар құрылғанын атап өткім келеді. Кезекші бригадалар тәулік бойы өздеріңізге қызмет ететін болады. Пәтер иелері кооперативтерінің басшыларынан да жұмысты ширату талап етіледі.
Сіздерден түскен мәселе бізден заң аясында шешімін табады деп сенемін.