«ТҮРКІСТАН АРУЫ – 2022» СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЫ
Түркістандағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Түркістан Аруы-2022» сұлулық байқауы жоғары дәрежеде болып өтті. Мәдени сайысқа арнайы “Түркістан аруы» деген атқа лайықты деп танылған 15 қыз қатысты. «Түркістан Аруы-2022» сұлулық байқауын ашып беру үшін, Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Әбдіжаппар Сәкенұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауда 16 мен 22 жас аралығындағы 15 үміткер бақ сынады. Байқаудың шарттары өзін таныстыру, өз өнерін ортаға салу, зияткерлік сайыс бойынша 1 сұраққа толық жауап беру болып табылады. Білімділігі мен өнер жағынан алдына жан салмай өзін көрсете білген аруларымыз көптеп кездесті.
Мәдени сайысқа қатысқан арулардың әрқайсысының көрсеткен өнерлері бір төбе болды десек, артық айтпағанымыз. Бірі ән салса, бірі мың бұралып би биледі. Ақын жыраулардың қара өлеңдерін мәнерлеп оқып, сахналық көрініс те қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Еске сала кетейік, Түркістан аруы байқауы қаламыздағы әр секторларда өткізілген болатын. Ережесі мен шарттарына сәйкес ару қыздар сол жерде құрылған қазылар алқасының шешімімен қалалық байқауға арнайы келіп, қатысып өз бақтарын сынап жатыр. Байқауға қатысушы арулардың сұлулығы мен өнерін, біліктілігін бағалап, саралау үшін Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ, Мәдениет орталығының басшысы Жібек Сейтметова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шымкент – Цирк» режиссері, Балетмейстер Нилуфар Халикбердиева, «Мисс Туркестан» облыстық сұлулық сайысының директоры, «ALTYN models» агенттігінің басшысы Зарина Загидуллиналар қазылық етіп, өз бағаларын берді.
Тартысты өткен «Түркістан Аруы-2022» сұлулық байқауында бас жүлдені Дариға Ерқанатқызы жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Нұрай Жанботақызы қанжығасына байлады. Байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!