Көпен Әмірбек: ”АНАМНЫҢ БІР ӨЗІ-БІР ТЕАТР БОЛАТЫН”

580


– Баласын бауырына басып, баласының басынан сипап, арқасынан қаққан Ананың алақанынан артық не бар? Күннің шуағындай, айдың сәулесіндей, туған жердің самалындай әсерге бөлейді. Жастайымыздан жаттап өскен Қадыр ағаның бір шумақ өлеңі есімде.
Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл – күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар – жылы-жылы лебізден.
Аяулы анамның ыстық ықыласы мен ақ ниетінен басқа ештеңе есімде жоқ. Рас, кей кезде балалық жасап шектен шығып бара жатқанымызды байқаса «Ай!» деп айқайлайтыны бар-тын. Оның өзі бізге майдай жағады. Осы тұрғыда балалар әдебиетінің классигі, менің ұстазым Әнуарбек Дүйсенбиевтің өз анасы туралы жазған өлеңін айтайын ба? Айтайын. Былайғы жұрт біле жүрсін.
Ел жатқанда жатпаған,
Мен деп тыным таппаған.
Бақыты үшін баланың,
Аман-сау жүр ақ мамам.
Күлімдеген көзіңнен,
Күн мейірімі сезілген.
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен.
Өзің маған мият күн,
Сен деп таңым жиі атты.
Ақ мамамның айғайы
Айналайын сияқты.
Анамның бір өзі – бір театр болатын. Ауыл-аймақтағы іші пысқан әйелдер мен кемпірлер шешемнің төңірегіне жиналып, бәрі аузына қарап отыратын. Бәрі мәз-майрам. Әрқилы әңгімесіне шек-сілесі қатып күлетін. Ду-ду әңгіме, думанды кеш.
Анам Сырдың сағасында, тоғайдың арасында, Арыстанды қарабастың өтінде, Отырардың шетінде өскен. Әке-шешесі мал бағып, диханшылықпен айналысқан. Анамның азан шақырып қойған аты-жөні – Жұлқар Досымайылқызы. «Аты қызық екен» дейсіз бе? Несі қызық? Кешегі кеңес өкіметінің кезінде екінің бірін тәркілеп, бақуаттылардың басын жарып, көзін шығарып, қойдай қуалаған 1928 жылы туған анамды заманына сай ырымдап жұлып түсетін Жұлқар болсын деген-ау, сірә?
Әкем жарықтық 25 жасында Оразбек деген немере ағасымен бірге ел аралап, қыз қараған. Сталинабад деген ауылдың маңайынан өтіп, айдалада тары егіп, жүгері өсіріп отырған диханның шошаласына ат басын бұрса, отырып қалған қызы бар екен. Жасы жиырма бірде. Ол кезде жиырма бір жастағы қызды «отырып» қалған қыз деп есептейді екен. «Кімсіңдер?» дейді әкесі. «Қыз қарап жүрміз» дейді. Әкемнің ағасы әкемді таныстырады. Қойшы екенін жасырып «Колхозда ветврач» деп мәртебесін өтірік өсіріп айтады. Қыздың әке-шешесі «Бұйырғаны осы шығар, күйеу бала ветврач екен!» деп қалың малына келіседі де, атына мінгестіріп жібереді. Шешем айтады: «Ветврачқа тидім деп мәз боп келсем, қойшыға барыппын ғой деп бір күн жыладым» дейтін. Көрдіңіз бе, қыздың қиялы қияда.
Алтын құрсақ анам он перзент сүйген. Оның жетеуі ұл, үшеуі қыз. Мен тұла бойы тұңғышымын.
Қожанасыршылап айтсам, басымнан кіндігіме дейін шешеме, одан әрі қарай әкеме тартқан сияқтымын.
Анам бізді «Мынауыңды әкең біліп қоймасын. Әкең білсе оңбай таяқ жейсің» деп өсірді. Немесе «Әкеңе айтам!» деп қорқытатын. Біз анамыздан аяқ тартпайтынбыз. Әкеміздің алдында иненің ұшында жүргендей жүретінбіз. Анамыз бізді әкеміздің мәртебесімен тәрбиеледі.
Анаммен сыр бөліскен жоқпын. Сыздақтатып сұрақ қоятын. Кейде бір сұрағының өзі атом бомбасындай қорқынышты болатын. Көріпкелдігі бар еді. Сенің не істеп, не қойғаныңды айтып отыратын. Іштей мойындайсың да, лажсыз күлесің. Шешем жарықтық үш қарындасыммен емін-еркін әңгімелесіп, солармен көбірек сырласатын.
Шешем секілді мен де түс көрем. Сосын өз түсімді өзім жоримын. Жолым болатынын, болмайтынын, қашан ауыратынымды, одан қашан жазылатынымды, Құдай несібе беріп, олжа табатынымды, қызметімнің өсетінін, ол қызметтен босайтынымды, қауіп-қатерге ұрынып аман-есен құтылатынымды, абырой-атақ алатынымды алдын ала түс көріп біле беретінмін. Біреуін айтайын. Бакуде жатып түс көрдім. Президент өзінің мойнындағы алтын алқасын менің мойныма тақты. Көп ұзамай Президент сыйлығының лауреаты атандым.
Анам тағам-кеспе көже, бәтір нан, жұқпа нан, шыжық қосылған таба нан, қауын қақ, жүгері көже, піскен айранды өте керемет дайындайтын. Осының бәрі менің жеңсік асым болатын.
Мектепті бітіргесін Алматыға барып, оқуға түсе алмай құлап қайттым. Сол үшін анам маған ренжіді. Келесі жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түстім. Қуанды. Ержеттім. Жиырма бестен астам. Шешем «Бала кезінде бір қойшының қызына құда түсіп, айттырып қойғанбыз. Үйлен. Сол қызды ал!» деді. Алмадым. Ренжіді. Өзі қалаған қызды келін қып түсірді. Үйленбей жүріп ала ма деп ойласа керек, қуанды. Қатты қуанды.
Анама ене болып келіндерінің екі аяғын бір етікке тыққан жоқ. Енеден көрі келіндерінің анасы сияқты сыйласып өмір сүрді. Келіндеріне «Мен 85 жасқа дейін өлмеймін» деп отыратын. Астары қалың сөз ғой. Өзінің болжаған жасында дүниеден озды.
Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде «Балдырған» журналына шыққан екі шумақ өлеңіме редакция 10 сом 80 тиын қаламақы жіберіпті. Соны поштадан алып, анамның алақанына салдым. «Бұны қайдан таптың, неғылған ақша?» деп сұрады. Ауызша түсіндірдім. «Құдай-ау, өлеңге де ақша төлей ме?» деп таңырқағаны есімде. Содан бастап тапқан табысымның бір бөлігін анама беріп отырдым. Сыйлығымның басы ақшадан басталып, ақшамен аяқталды-ау деймін. Осы күні ойласам, шешеме түк жақсылық жасамаған сияқтымын. Қанша жақсылық жасасаң да өмірі жетпейтін бір кем дүние ғой. Анамның алдындағы өкінішім де осы.
Атақты суретші Әбілхан Қастеевтің «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның киізінен үйрендім» деген ғибратты сөзі бар. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» дегендей, ұл-қыздарым мен немерелерімнің анама ұқсас негізі бар екенін байқаймын. Ананың бәрі баласын бесігімен баулып, өмірдің іргетасын өз қолдарымен қалайтыны имандай шындық. «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп Мұхтар Әуезов бекер айта ма? Жұлқар анамның құйған іргетасына қаланған қабырғалары да бой көтеріп қалды. Барлығына ортақ қасиет-бауырмалдығы.